$ 498.34  519.72  4.85

Күйеуінен айрылғысы келмеген әйел 9 ай бойы жүктімін деп алдап келген

Колумбияда әйел күйеуін 9 ай бойы жүктімін деп алдаған. Артынша өзін қарақшылар ұрлап кеткендей етіп көрсетіп, құрсағындағы сәбиін кесіп алғанын айтқан. Осылайша ол күйеуін ұстап қалмақ болыпты деп хабарлайды Stan.kz.

Мемлекеттің солтүстігіндегі Барранкилья қаласында тұратын 38 жастағы Антонела Милена Падийя өзін жүкті етіп көрсету үшін киімінің астына жастық салып жүрген. Сонымен қатар уақыт өте келе ішінің үлкейіп келе жатқанын көрсету мақсатында жастықтың ішіне үсті-үстіне мата сала берген. Тіпті, отбасы мен достарына УДЗ суреттерін де көрсетіпті. Шындығында, олар ғаламтордан алынған суреттер болып шықты.

Осы уақыт бойы күйеуі оның алдап жүргенін білмей, алғаш рет әке атанатын күнін асыға күтіп жүріпті. 22 қыркүйекте Падийя кесір тілігін жасату үшін таяу маңдағы ауруханаға бара жатқанын айтқан. Сол күні кешке ол отбасына қоңырау шалып, қызыл көлікке мінген қарақшылар өзін ұрлап кеткенін жылап тұрып хабарлаған. Сонымен қатар әйел қарақшылардың өзін байлап тастап, есірткі беріп, құрсағындағы сәбиін кесіп алып, артынша өзін дүкен маңына лақтырып кеткенін айтып шағымданыпты.

Қатты шошыған туыстары әйелді мәжбүрлі түрде ауруханаға апарған. Өз кезегінде дәрігерлер болған жайт туралы полицияға хабарлапты. Алайда полиция қызметкерлері әйелдің денесінде тыртық жоқ екенін көріп, күдіктеніп қалады. Артынша қан талдауының нәтижесі Падийяның жүкті болмағанын және көп мөлшерде есірткі қабылдамағанын көрсетті.

Падийяның енесінің сөзінше, келіні өтірігі әшкереленіп қалғаннан кейін де өзінің жүкті болғанын айтып қоймаған. Алайда оны тексерген гинеколог бұл сөзін жоққа шығарды. Мұнан кейін өтірігі ашылып қалған әйел қашып кеткен.

«Менің ұлым онымен бірге тұрды. Екеуі бірге ұйықтады. Алайда ол ешқашан әйелінің ішін ұстап көрмеген», – дейді Падийяның енесі.

Қазіргі уақытта Падийяның қайда екені белгісіз. Коммандер Мариано Котеро Койдың мәліметінше, әйел мемлекет ресурстарын жұмсағаны үшін айыпталатын болады.

«Ауруханада адамдар дәрігердің қабылдауына кіру үшін таңғы сағат 5-тен бері кезек күтті. Ал өзін жүктімін деп алдаған әйелді кезексіз қабылдаған. Оның орнына шынымен де көмекке мұқтаж адамдар кіруі керек еді», – дейді коммандер Мариано Котеро Кой.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары