18.08.2015, 04:03

Петропавлда көше қиылысының біріне 5 бағдаршам қойылды

kaztv.kaztrk.kz

Петропавлдағы көше қиылыстарының бірінде бес бағдаршам тұр. Бір мезетте қызыл мен жасыл түстері қатар жанатын бағдаршамдар жүргізушілерді де, жаяу адамдарды да әбігерге салып жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Бар мәселе қиылысқа саңырауларға арналған дабылы бар бағдаршам қойылғаннан басталған. Себебі, жаңа бағдаршам орнатқан кезде ескісін алып тастауды ұмытып кеткен көрінеді.

Екі белгінің қайсысына сенетінін білмеген көлік иелері дәл қиылыста абдырап қалады екен.

Салдарынан  мұнда кептеліс пайда болып, жаяу жүргіншілерге де қолайсыздық туғызуда. Жалпы, қазір шаһардағы сексенге жуық бағдаршамның барлығы да ауыстырылып жатыр. Жол сақшылары алдағы уақытта мұндай келеңсіздік болмайды деп сендірді.

«Бұны жол белгілерін жөндейтін мекемеге айттық. Бүгін-ертең олар артық бағдаршамды ажыратып тастайтын болады. Кешелі бері жүргізушілер де шағымданып, қиылыста апат бола жаздағанын жеткізіп жатыр», – дейді  ІІД әкімшілік полиция басқармасының  аға инспекторы  Әбілсейіт Жолаушин.