04.09.2018, 10:35

Ерекше тарту: Қала күнінде 7 сәби дүниеге келді

Жезқазғанның туған күнінде сәбилі болған аналарды құттықтау үшін қала әкімі Қайрат Бегімов перзентханаға барды.

Түскі он екілер шамасында барлығы үш нәресте туған. Екеуі – қыз, біреуі – атқа мінер. Жасы жиырмаға жеткен Кристина тұңғышының есімім Тимофей қойса, төртінші құрсақ көтерген Евгения Майорова қызын Александра атапты. Екіншісін дүниеге әкелген Гүлнұр Ералинова болса, кішкентайдың есімін үлкендер таңдап жатқанын айтты. Балаға есім таңдау мәселесіне қазақ халқы қашанда үлкен жауапкершілікпен қарап, ерекше мән бергенін ескерсек, орынды да.

– Бүгін Жезқазған тарихының 64 беті ашылды. Бұл күні құрметті аналар Сіздер нәрестелі болып, жезқазғандықтардың санын көбейттіңіздер. Сіздердің қуаныштарыңызға шын ниеттен ортақтасып, отбастарыңызға амандық тілеймін.Сәбилеріңіздің дені сау болып өссін,- деген қала әкімі аналарға гүл, нәрестелерге бірінші ойыншығын сыйлады.

Осыншама ықыласқа бөленген аналар да қала басшылығына алғысын жеткізіп, жандарын аман алып қалған перзентхана ақ халаттыларына ризашылықтарын үйіп-төкті.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кенді қалаға келген сапарында Қарағанды облысы миллионер қала болсын деп тілеген еді. Солай болғай,- деп ойын сыртқа айтқан қала басшысы перзентхананың ішін аралап, жай-күйімен танысты.

Қала күнінде қалалық перзетханада барлығы жеті сәби өмірге келді. Оның үшеуі – ұл, төртеуі – қыз. Жыл басынан жезқазғандық перзентханада 2031 нәресте дүние есігін ашқан