04.09.2018, 14:56

Қала күні – ұмытылмас әсер

Жезқазғандықтардың асыға күтетін мерекесінің біріншісі – Металлургтер күні болса, екіншісі – Қала күні. Биыл аталған қос мереке өз деңгейінде атап өтіліп, тұрғындарды ерекше әсерге бөлеп, мол эмоция сыйлады.

Жезқазғанның 64 жасын қарсы алу үшін қала тұрғындары Кеңгір жағалауына ағылды. Мұндағы мерекелік көңіл күй кешкі қоңыр салқынның лебін де сездірмеді. Күнделікті күйбең-тірлікпен бірін-бірі мерейлі мерекелерде өтетін көпшілік серуенде ғана жолықтырытаны дос-жаран, туыс-тамыр, таныстар арқа-жарқа болысты. Тұрғындардың мерекелік көңіл-күйін қала әкімі Қайрат Бегімовтің құттықтауы еселей түсті.

– Баршаңызды Қала күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі Жезқазған – Тәуелсіз Қазақстанның стратегиялық бағыттарын шынайы іске асыруға бет бұрған өндірісті қалалардың бірі. Жезқазған жаңа жасын мол табыстармен қарсы алуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында халықаралық «Жезкіиік» музыка фестивалі өтіп, жерлесіміз Бағлан Ибрагим Азия ойындарында Көк туымызды желбіретті. Сондай-ақ, Жезқазғанға көгілдір отын тарту жұмыстары басталғаны да үлкен қуаныш, - деген Қайрат Баяндыұлы әр шаңыраққа мол несібе, зор денсаулық және қала игілігі жолында еңбек атқарып жатқандардың еңбегіне жеміс тіледі. Сонымен қатар, Қазақстан халқының демографиялық дамуына үлес қосқан алтын құрсақты ана Ләззат Ахановаға күміс алқа тақты.

Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармонияның жас әншілері Асхат Сағындық, Руслан Исмайыл, Перизат Несіпбаева Жезқазғанды әнге қосып, көпшілікті билетті. Ал, Сахна төріне көтерілген қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары ортаны тіпті қыздырды.

Алғашқы болып ән шырқаған ағайынды Жүгінісовтер көрермендерінің қолын алып, ата-әжелердің ақ батасына құлақ түрді. Лирикалық эндермен танылған Ғаділбек Жаңайды жезқазғандық тыңдарманы жаңа қырынан таныды. Ол әзіл айтып, көптің езуіне күлкі үйрілтті. Жезқазғандықтар «Ханшайымым» әнін Ғаділбекпен бірге шырқап, әншінің мерейін өсірді. Мысты өлкеге алғаш табан тіреген Тамара Асарды да көрермен ыстық ықыласпен қабылдады. Өзінің репертуарындағы «Ренжімеші» әнін жарыса орындаған қалың тыңдарманын көрген ол Жезқазғанға арнайы концерттік бағдарламамен келуге сөз берді.

Нұрәсила Бәрменбаеваның сөзіне жазылған Жақсыкелді Сейіловтің «Жезқазған маршы» әнін Береке Көшеновтей әсерлі, тыңдарман бойын шымырлата орындау әзірше жастардың қолынан келе бермейді.

...Жезді бойы жез қалам,

Жер түбінен жезді алам.

Алтын қалам, кең далам,

Жезқазғаннан айналам, - деген ән қайырмасында басталған көзтартар отшашу тұрғындардың көкке көз тігіп, жарқын болашаққа жоспар құруға мүмкіндік берді.