$ 482.86  533.17  5.08

Алматыдағы Ботаникалық бақ өзгереді

Алматының көрнекті орындарының бірі - ботаникалық бақтың қалай түрленетіні белгілі болды. Бүгін қоғамдық кеңесте өткен жиын барысында нысанды қайта құру эскизі көпшілікке таныстырылды.

«Алматы тұрғындарға барынша жайлы қалаға айналды. Қалада жақсы жолдар төселді, тұрақтар, веложолдар, жаңарған тротуарлар көз қуантады. Қор өз тарапынан Ботаникалық бақтың әуелгі кейпін қайтарып, қала тұрғындары үшін белсенді демалыс орнына айналуы үшін бар мүмкіндікті жасамақ. Бұл - қаланың тыныс алатын өкпесі іспеттес. Сондықтан оны сақтап қалуға еліміздің белгілі сәулетшілерін тарттық», - деді «Верный капитал» компаниялар тобының директор Ерлан Оспанов.

Жоба 17,7 га аймақта жүзеге асады. Капиталды құрылыс қарастырылмаған, өзгерістер тек инфрақұрылым саласында болады. Парктің қоғамдық аймақтары қалпына келтіріледі.

Бақты айналдыра қоршалған дуал ауыстырылады. Бейнебақылау камералары орнатылып, 3 партер ашылады.  (Солтүстік -Тимирязев көшесінен, Оңтүстік - Әл-Фараби көшесінен, Батыс - «Атакент» кешені жағынан).

Сонымен қатар, 103 га болатын жалпы аумақта суару, сумен қамту жүйесі қалпына келтіріледі. Жоба 2018 жылдың қазанынан бастап 2019 жылдың желтоқсанына дейін жүзеге аспақ. Бұл жұмыстарға 15 млн доллар жұмсалады. Тимирязев көшесінен кіреберісте классикалық нысандар болады.

Атап айтқанда құрғақ субұрқақ, кәрі жібек тал Ботаникалық бақтың символына айналады. Келушілерге шығыс стилінде жасалған су қоймасы мен сирек кездесетін өсімдіктер жинақтар ұсынылады. Әл-Фараби көшесінен кіреберіс заманауи стильде жасалады. Қалалықтар қаланың таулары мен гүлге бөленген бақшасында уақыт өткізе алады. Оңтүстік кіреберісте өсімдіктердің жаңа түрлері шоғырландырылатын болады. Бақтың барлық жерінде соқпақтар жөнделеді. Келушілердің қауіпсіздігін сақтау мақсатында бақта бірыңғай қоршау мен бейнебақылау жүйесі орнатылады. Атакент жағындағы кіреберісте келушілерді  жеңіл модульді панельдер мен темір торға шырмалған өсімдіктер қарсы алады. Бақтың ғылыми жұмыстары бағытында экологиялық қағидаларды сақтай отырып, сирек кездесетін өсімдіктер қорын сақтап қалу көзделген. Сонымен қатар жаңа өсімдіктерді жергілікті климатқа жерсіндіру қолға алынбақ.

Айта кету керек, бұл жоба Болат Өтемұратовтың қорының бастамасымен қолға алынған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары