Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында қаланың Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасы 2019 жылдан бастап тағы 1375 км жарық желісін немесе 45829 көше шамдары мен 42052 жарық діңгектерін жаңартуды жоспарлаған.
Қазіргі кезде Алматыда 79993 жарық көздері орнатылған. «Қауіпсіз қала» бағыты бойынша жыл аяғына дейін 24000-нан астам жарық көздері немесе 31,5%-ы энергия жинақтаушы және диодты шамдарға ауыстырылады.
Қазіргі кезде Әуезов ауданында 49,5 км көше жарығының құрылыс басталды. Жыл аяғына дейін Алатау ауданында сыртқы жарықтың 24 км желісін тарту жоспарланған.
– Қазірдің өзінде Бағанашыл, Алатау, Ерменсай және Нұрлытау елді мекендерінде 35,3 км сыртқы жарық көздері орнатылған. Түрксіб ауданындағы Бұқтырма, Майлин көшелері мен Құлжа трактінде 9 км сыртқы жарық көздері жұмыс істеуде, - дейді Энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының өкілдері.
Сонымен қатар, келер жылдан бастап тағы 266 км жарық көздерін немесе 8896 көше шамдарын (11,5%) модернизациялаудың жобалық- сметалық құжаттары жасалған.
Қала басқармасындағылар диодты жарық шамдарының электроэнергиясын пайдалануды 30 пайызға қысқартып, қала бюджетінің шығынын азайтатынын, көше жарығының сапасын жақсартатынын мәлімдеді. Оның үстіне олардың пайдалану мерзімі де ұзақ.
Көшені жарықтандыруды модернизациялаудың түрлі жолдары бар: қала көшелерін қарапайым шамдардан бастап жарықдиодты және күн сәулесінен қуат алатын шамдардың түр-түрімен жарықтандыруға болады. Электр құралдарын тиімді пайдалану жөніндегі жобалық шешімдерді жарықтандырумен шұғылданатын кәсіби және білікті инженерлер әзірлеуі тиіс. Қала көшелерін жарықтандыру жобаларының нәтижелілігі мен пайдалану мерзімі аталған мамандардың жұмысына байланысты.
Халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметіне сүйенсек, әлемдік энергия тұтынудың 20%-ға жуығын жарықтандыру құрайды екен. McKinsey-дің уәжі бойынша, қаржылық шығындардың көпшілігін жобаға инвестиция құюдың кезеңдері мен шаралары емес, жарықтандыру жүйесі құрайды екен. Типтік қондырғының жалпы құны 25 жыл ішінде шамамен келесідей болып бөлінеді: 85% қызмет көрсету/ жұмысқа және 15% капиталдың құнына жұмсалады.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасының «Энергия үнемдеу -2020» бағдарламасы міндеттерінің бірі - энергия үнемдеуді және энергиялық тиімділікті арттыруды ынталандыратын механизмдерді әзірлеу және енгізу.