Алматыда пайдалану мерзімі аяқталған ескі үйлердің тұрғындарын жаңа үйге көшіру бағдарламасы жалғасып жатыр.
Бүгінде Алматыда «Капиталды құрылыс компаниясы» ЖШС 56 ескі үйді сүріп, 576 отбасын жаңа баспанаға көшірді. Болашақта аталған компания 948 үйді сүріп, 8912 пәтерді пайдалануға бермек. Алматы әкімі аталған бағытта жұмысты жандандыру үшін жеке инвесторлардың қаржысын тартпақ. Қазіргі таңда Әуезов ауданы Сүлейменов көшесіндегі №18, 20, 22 үйлерді кезең-кезеңімен көшіру басталды. Қазір аталған үйдің 3 отбасы жаңа баспанаға көшіп үлгерді. Қалған тұрғындар баспананың заңды иесі екендігін дәлелдейтін құжаттарын толықтырған соң кезең-кезеңімен көшетін болады.
«Кейбір тұрғындар ұсынылған шарттармен келіспей, үлкен үй талап етеді. Ал бұл компанияның шығындарын арттырады», - деді «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік кооперативінің өкілі, «Капиталды құрылыс компаниясы» ЖШС басшысы Мұхит Әзірбаев.
Естеріңізге салайық, биыл наурызда Мемлекет басшысы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Қазақстан халқына үндеуін жариялады. Елбасы бұл бағдарламаны Парламенттің бірлескен отырысында айтқан еді.
Онда әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру, жалақысы төмен жұмышылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейту, сондай-ақ елді газбен қамтамасыз ету ісін жалғастыру жөніндегі бастамалар қамтылған.
Нұрсұлтан Назарбаев жаңа әлеуметтік бастамалар қоғамымыздың әлеуметтік бірлігін нығайтуға және әрбір қазақстандықтың әлауқатын ары қарай жақсарта түсуге бағытталғанын атап өткен еді.