Алматыда Қазақтың онкология және радиология институты негізінде позитронды-эмиссиялық томография орталығы ашылды.
Мұнда орнатылған заманауи қондырғының көмегімен ісік ауруларының 90%-ға жуығын анықтауға болады. Медициналық мекеме мемлекеттік және жекеменшік әріптестік негізінде ашылып отыр. Оған түркиялық компания 1,5 млн теңге көлемінде инвестиция салған.
– Осы уақытқа дейін орталықтан 150 адам тексеріліп шықты. Мұнда ісік ауруларының 90%-ын анықтауға болады. Сондай-ақ радиологиялық бағдарлама бар. Соның көмегімен науқас дерті туралы ақпаратты шетелдік дәрігерлерге тікелей жіберіп, кеңес алуға болады, - деді инвестор Гоненч Дирик.
Дәрігерлердің айтуынша, елімізде онкологиялық аурулар саны жыл сайын көбейіп келеді. Бір ғана өкпе ісігі дертіне жылына 4 мыңға жуық адам шалдығады екен.
– Оған дейін көптеген аурулардың жалпы стадиясын анықтау үшін жеке компютерлік томографияны өкпеге түсіретінбіз, құрсақ қуысын түсіретінбіз. Метоздары қаншалықты бар ма, жоқ па соны анықтау үшін. Ал қазір ПЭТ КТ пайда болғаннан кейін бір тексеру көлемінде бүкіл денені түсіреміз де, сол онкологиялық аурудың қаншалықты таралғандығын анықтап бере аламыз, - дейді радиолог Жандос Аманқұлов.
Айта кетейік, соңғы 10 жыл ішінде Алматы қаласындағы қатерлі ісікпен ауыру көрсеткіші жоғары және республикалық деңгейден 20%-дан асады (Алматы қаласы бойынша 2012ж. сырқаттану 100 мың халыққа 242,2, ҚР 100 мың халыққа 183,1 құрайды). Алматы қаласы бойынша онкологиялық аурумен ауыратын науқастардың санының жыл сайынғы өсімі 5%-ды құрайды. Алматы қаласы бойынша аурудың жоғары көрсеткіштері қаланың емдеу мекемелеріндегі диагностиканың жоғары деңгейімен түсіндіріледі, сондай-ақ, мегополистегі тұрғындардың ұдайы көші-қоны, қатерлі ісіктің жаңа жағдайы тіркелетін Алматы қаласына жыл сайын мыңдаған өңір тұрғындарының келуі де ықпалын тигізеді. Онкологиялық аурулардың алдын алуда қоршаған ортаны сауықтыру, салауатты өмір салтын ұстану, тамақтану сапасын жақсарту сияқты кезеңдер өте маңызды.