$ 443.35  475.54  4.82

Бердібек Сапарбаев ақтөбелік жастарға бағыт-бағдар берді

Бүгін Ақтөбеде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен Облыс әкімдігі жанындағы жастар істері жөніндегі кеңестің кезекті кеңейтілген отырысы өтті. Жиында Бердібек Мәшбекұлы өңірдің белсенді жастарымен кездесіп, атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Сондай-ақ, жастарды «ұйықтамауға» шақырып, мемлекеттің дамыуына қазірден бастап үлес қсулары тиіс екенін естеріне салды.

Облыс әкімі тәуелсіздік алған уақыттан бері Қазақстан билігі дастарға тек қана қолдау көрсетіп келе жатқанын тілге тиек етті. Бір ғана Елбасының өзі жастар туралы бірнеше бағдарламаның қабылдануына мұрындық болған дейді Б.Сапарбаев. Оған мысал көп. Күні кешегі «Бес әлеуметтік бастама», «Рухани жаңғыру», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында да жастардың жай-күйін жақсартуға, олардың білім, өнер, спорт, басқа да салаларда өзге елдердегі өзі құралпылас азаматтармен терезесі тең болуына, озық болуына бағытталған мақсат-міндеттер айқындалған. Сондықтан, жастардың жалқау болуына, білімсіз болуына еш құқығы жоқ. Оларға мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Осы ретте айта кету керек, ел халқының 27 пайызын жасы 30-ға әлі толмаған жастар құрайды.

«Ұлтымыздың болашағы, мемлекетіміздің үміті — сіздерсіздер. Елдің дамуы көп жағдайда сіздерге байланысты.  Ақтөбеде де жастарға арналған жобалар жүзеге асырылып келеді. Білімді, жан-жақты дамыған азаматқа қажетті рухани құндылықтарды бойларыңа сіңіріп, елдің дамуына, әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруіне еңбек етіңіздер. Жастар үшін ең үлкен құндылық — білім. Уақытты тиімді пайдаланып, білім алыңыздар. Қазір білім мен ғылымның заманы. Біздің елде жастардың әлемнің ең мықты оқу орындарында білім алуы үшін бар жағдай жасалған. Мысалы, басқа елдерде жоқ «Болашақ» бағдарламасы арқылы елімізде жыл сайын 3 мыңға жуық жастар білім алып келіп жатыр. Біздің мақсат — балабақшадан бастап болашақ ұрпағымыздың жақсы тәрбие алып, мықты біліммен қарулануына барынша жағдай жасау. Сондықтан заманауи білім мен ғылымды меңгеру керек. Екінші жағынан, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтылғандай, халықаралық жағдай шиеленіскен аумалы-төкпелі заманда өз тамырымыздан ажырамай, құндылықтарымызды құрметтеп, ұлттың патриоты бола білу керек», — деді облыс әкімі аталған жиында.

Жастарға арналған бағдарламалар тек республика деңгейінде ғана емес, әр өңірде де жергілікті деңгейде де атқарылуда.

«Облыстағы «Бақытты бала», «Туған жерге тағзым», «Түлек.кз» жобаларына атсалысу керек. Қаламызда Өнер, шығармашылық орталықтары, Жекпе-жек сарайы сынды көптеген ғимараттар салынды. Мұндағы мақсат — жастардың уақыттарын босқа өткізбей, өнерге, спортқа баулу. Осы шараның «Жұбановтар әлемінде» өткізілуінің де мәні бар — сіздер осы ғимаратты көрсін, келсін дедік. Болашақта Ақтөбедей қасиетті жерде жаңа Жұбановтар шығуы керек. Сіздер үшін салынған ғимараттарды пайдалану керек. Бойында өнері бар, спорттан хабары бар жастар қылмыс жасамайды, нашақорлыққа бармайды», — дейді облыс әкімі.

Айта кету керек, қазіргі таңда еліміздің әр облысында жастар саясат жөніндегі басқармалар құрылып, өңірлердегі жастар проблемаларымен мемлекеттік деңгейде айналысып жатыр. Батыс Қазақстан өңірінде бұл ведомство биыл ғана шілде айында ресми ашылды. Жиында оның басшысы Нұрлан Күнтуов қолға алған, болашақта атқарылар істер туралы жоспарымен бөлісті.

«Бүгінде толыққанды жұмысқа кірісіп кеттік. Бірнеше жобамыз бар. Ең алдымен облыстағы жастардың барлығының басын қосатын орта қалыптастыруды мақсат етіп отырмыз. Ол үшін алдымен облыстағы алты жоғары, 45 орта арнаулы оқу орнындағы жастар ісі жөніндегі комитеттерді біріктіріп, ортақ мақсатқа біріктіруге жұмыстанамыз. Сонымен бірге облыстағы барлық жас спортшыларды, өнер саласында жетістікке жетіп жүрген жастардың басын қосатын жобаларымыз бар. Басқарма жанынан ашылған коворкинг орталығына жас кәсіпкерлерді, стартаперлерді шақырамыз. Бұл жерде кәсіпкерліктің қыр-сыры туралы ақпараттарды білуге болады. Жұмысшы жастар слетін өткізу де ойымызда бар», — деді Нұрлан Күнтуов.

Б.Сапарбаев сондай-ақ облыстағы оқу орындарының бір-бірімен тығыз байланыс орнатуларын, елге белгілі, қоғамда қадірлі тұлғаларды жастарға үлгі қылу мақсатында кездесулер өткізу қажеттігін, жастардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы өткізу үшін басқа да тың жобаларды қолға алу қажеттігін айтты.

— Бұрын жастар саясаты мәселелері басқармасын жауып, оны ішкі саясат басқармасына қосып жібергеніміз дұрыс болмады. Себебі осы саладағы жұмыстар нашарлап кетті. Еріктілер қозғалысы кезінде жақсы жұмыс істеген болатын, кейін кешеуілдеп қалды, — деді Б.Сапарбаев.

Н.Күнтуов облыс әкімін бұл жұмыстың қайтадан қарқын алатынына сендірді. Оның айтуынша, қазір өңірде жоғары оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының білім алушыларынан және жұмысшы жастардан құрылған құрамында 1000-нан астам мүшесі бар 20 еріктілер тобы қызмет етеді. Олардың 8-і облыс орталығында, 12-сі — аудандарда.

— Облыста «Жүректен жүрекке», «Ақтөбе қайырымды жандары», «Үміт оты» сынды еріктілер топтары көптеген шаралар ұйымдастырып тұрады. Осындай еріктілер топтарының басын қосып, ортақ қауымдастық құрамыз, — деді басқарма басшысы.

Кездесу кезінде облыс әкімі «Жасыл ел» бағдарламасын сынға алды. Республикада бірінші болып «Жасыл ел» жасақтары тек жазғы маусымда ғана емес, жыл он екі ай бойы жұмыс істесін деген жақсы бастама көтергенімізбен, қоғамда жастардың бұл жұмысына қатысты сын пікірлер жиі айтылып кетті.

— «5-6 қыз бен жігіт бір қап арқалап жүреді, еңкейіп, жерден бірдеңе көтерсе, көтереді, еңкеймесе, ол да жоқ, қапшық арқалап, жолдың ар жақ-бер жағына шығып жүреді де қояды» деген сын пікірлер көп айтылады. Сосын басқармалар «Жасыл елге» пәленбай адам қатысты» деп есеп береді. Бітті. Бұлай болмайды. Биыл біз бюджеттен аталған бағдарламаның жүзеге асырылуы үшін 400 миллион қаржы бөлдік. Сондықтан бұл іске жауапкершілікпен қарау керек, — деді облыс әкімі.

Жаңадан құрылған жастар басқармасының жас басшысы «Жасыл ел» жасақтарының дұрыс жұмыс істеуі үшін қоғамдық бақылау орнату қажеттігін алға тартты. Бұл жұмысқа еріктілерден құралған «Жас сақшы» топтарымен бірге қоғамда абырой-беделге ие ардагерлерді де тарту керектігі айтылды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары