$ 443.35  475.54  4.82

Алматылық жастар мемқызметтің қыр-сырын меңгеріп жатыр

Мемлекеттік қызмет – жауапкершілігі ауыр іс. Өкінішке қарай, соңғы бірнеше жылда осынау ауыр әрі жауапкершілігі мол іспен айналысқысы келетін жастардың саны елімізде азайып кетіпті. Оның себебі аз емес: қатаң талап, жоғары біліктілік, төзімділік және іскерлік. Оның үстіне, соңғы уақытта жемқорлыққа белшеден батып, парамен ұсталып жатқан шенеуніктерді жиі-жиі теледидардан көретін болдық. Басым көпшілігі қамалып та жатыр. Бәлкім содан да болар, жастардың мемлекеттік қызметке деген қызығушылығы бәсеңдеп қалыпты. Мұны ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары былтыр айтқан болатын.

Десе де, биылғы жағдай өзгеше дейді олар. Мемлекеттік қызметтегі әр бос орынға қазір ондаған адам құжат тапсыратын болған. Мұның бәрі сол агенттік тарапынан атқарылып жатқан игі істердің арқасы. Ведомство тарапынан жастардың мемқызметке деген ынтасын арттыратын түрлі шаралар өтіп келеді былтырдан бері.

Осындай шаралардың бірі Алматыда жергілікті Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың және ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен өтті. Бұл жай ғана шара емес, болашағынан зор үміт күттіретін жоба деуге болады. Атап айтар болсақ, қос тарап бірігіп, шаһарда жастарға арналған Мемлекеттік қызмет мектебін ашты.

Аталған мектепте болашақ мемқызметкерлер дайындалатын болады. Оларға қазіргі мемлекеттік қызметкерлер, қоғам белсенділері, Алматы қалалық қоғамдық кеңестің өкілдері, танымал журналистер жіне блогерлер сабақ беретін болады.

Ілкімді жоба «Өзгерісті өзіңнен баста» деп аталады. Ұйымдастырушылар оны Мемлекет басшысының «Пухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында қолға алғандарын айтып отыр. Мұндағы болашақ жас мамандар 3 ай бойы дәріс алып, 30-ға жуық тәлімгерден мемлекетке қызмет етудің қыр-сырын үйренетін болады.

Мемлекеттік қызмет мектебі идеясының авторы – Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі, қоғам белсендісі Дәурен Бабамұратов. Ол аталған мектептің өзге оқу орындарынан айырмашылығы көп екенін айтып отыр. Мәселен, жоғары оқу орындарында қарапайым педагогтар сабақ берсе, мұнда кәсіби мамандар, яғни мемлекеттік қызметтің басы-қасында жүрген азаматтар дәріс өтеді. Сонымен қатар, болашақ мамандар сабақтан тыс уақытта мәдени және спорттық шараларға қатысып, қоғамдық өмірге етене араласуға мүмкіндік алады.

«Арнайы оқу бағдарламасын жасадық. Жастар өзінің білімдерін шыңдап, мемлекеттік қызметке дайындалады деп ойлаймыз. Алдағы 3 ай бойы жастарды оқытамыз. Содан соң желтоқсан айында тиісті сертификаттарын алады. Артынша мемлекеттік қызметке тест тапсырады», – дейді Алматы Қоғамдық кеңесінің мүшесі Дәурен Бабамұратов.

Ал, мемлекеттік қызметке тапсырған тесттің гәтижесі 1 жылға дейін жарамды. Яғни, үміткер тестті сәтті тапсырса, ол 12 ай ішінде мемлекеттік қызметтегі бос орындардың біріне құжат тапсыра алады. Ал, егер тесттен өте алмай қалған жағдайда, дайындығын пысықтап, үш айдан кейін қайта тапсыруына мүмкіндік бар.

Естеріңізде болса, былтыр Мемлекет басшысы өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялаған болатын. Елбасыныңың осынау мақаласында 6 басым бағыт пен бірнеше бағдарлама көрсетілген. Солардың бірі – «Өзгерістерді өзіңнен баста» деп аталатын шағын бағдарлама. Оны жүзеге асыру ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне тапсырылды.

«Сабақ тақырыптары ауқымды. Қызмет кезінде өз-өзіңді ұстаудан бастап, конфликт-менеджмент, тайм-менеджмент, кез келген ортада сөйлеу мәнері мен шешендік өнер үйретіледі. Сонымен қатар мемлекеттік органдардың түрлері, иерархиясы, нормативтік-құқықтық актілері де оқытылады. Оқыту кезінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске баса назар аударылады», – дейді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы департаментінің басшысы Данияр Таумұрат.

Аталған мектепте кез-келген адам оқи бермейді. Жоғары оқу орнының соңғы курсында білім алып жүрген студенттер ғана осында 3 ай тәжірибе жинап, одан әрі мемлекеттік қызметте өздерінің бақтарын сынап көруге мүмкіндік бар.

Студенттердің көбі болашақта мемлекеттік қызметке араласып, ел дамуына өз үлестерін қосқысы келетіндерін жасырмай айтады. Сондықтан да аталған мектепте білім алғысы келетіндердің қарасы көп. Олар мемқызмет жүйесінде жемқорлық секілді келеңсіз жайттар көп деп есептейді екен. Сондықтан, олармен күресу үшін өздері осы салаға келуді мақсат етуде.

Болашақта мемлекеттік қызметте жұмыс істегім келеді. Қазақстандағы көптеген саланың дамуын шектейтін – жемқорлық. Мақсатым сол мәселенің шешілуіне, туған ауылымның көркеюіне өз үлесімді қосу. Осы мектепте бәрін тәжірибе жүзінде көріп, біліп, мамандардан сабақ алсақ болашақта қызметке тұруға мүмкіндік ашылады деп ойлаймын, – дейді 4-курс студенті Жарылқасын Сақтаған.

Айта кетейік, Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында да мемлекеттік қызмет пен мемқызметкерлердің статусын көтеруді тапсырған болатын. Сондай-ақ, Елбасының тапсырмасымен жыл сайын осынау сала мамандарының жалақылары өсіп, оларға көрсетілетін әлеуметтік көмектердің қатары кеңейіп келеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары