11.10.2018, 10:58

Ауызбірлік – тұрақтылық негізі

Теректі ауданындағы «Скрябы» қоғамдық бірлестігі ұлтаралық татулықты нығайту бағытында жұмыстанып келеді.

Бұл ұйымның көпшілікке кеңінен танымал болуына олардың 2012 жылы беларус этномәдени орталығы ретінде құрылуы себеп болса керек. Сөйтіп олар аудандағы барлық мәдени-рухани бағыттағы шаралардың бел ортасында жүрді. Ал былтырдан бастап олар қоғамдық бірлестік мәртебесін алды. Дегенмен де өздерінің бастаған ісін одан әрі жалғастыруды өздеріне міндет санайды. «Скрябы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марья Плетенованың айтуынша, қазақстандықтардың бірлігін артыруға үлес қосуға атсалысу олар үшін абыройлы іс.

Таяуда бұл ұйым «Мәңгілік ел – арман елі» атты аудан мектептерінің жоғары сынып оқушылары арасында байқау өткізді. Байқау барысында жас ұрпақ Қазақстанның басты байлығы елдегі тыныштық, ауызбіршілік, ынтымақ екендерін бас айтып, республикамыздың жарқын болашағына сенім білдірді. Үздік деп танылған он оқушы өзара сынға түсіп, нәтижесінде №1 Федоров орта мектебінің оқушысы Мария Дмитриенко өзгелерден білімімен де, өнерімен де алда екенін дәлелдеп шықты.

Ал, бастауыш сынып оқушыларына арналған «Біз бақытты балдырған» байқауы да тартысты өтті. Онда бүлдіршіндер ән салып, би билеп, өздерінің өнерлерін ортаға салды. Сөйтіп сахананың жаңа жұлдыздары анықталды. Олардың ішінде Жаниса Мырзағалиева, Темірлан Әкімжанов, Дильназ Мұратова бар. Ал балалар өнер ұжымдарының ішінен Покатилов ауылынан келген «Гүлдер-ай» балалар ансамблімен ешкім теңесе алған жоқ.

«Скрябы» қоғамдық бірлестігі жанынан балалардың қолөнерін дамыту клубы да жұмыс істейді. Онда жасөспірімдердің бірі табиғи материалдардан картина дайындаса, екіншілері ісмерлікті меңгеруде. Бұл үйірменің жетекшісі Нұргүл Теміралиеваның сөзіне қарағанда, мұнда негізінен елімізде түрлі тұратын ұлт өкілдерінің қолөнершілігіне жете мән берілуде.

- Біз тұрғындарды мәдени-әлеуметтік, толеранттылық тұрғысынан дамыту бағытында да түрлі шаралар өткіземіз. Дөңгелек үстел, кездесу, тренинг сынды түрлі форматта ұйымдастырылатын шараларымызбен қоғамның түрлі саласында қызмет етіп жүген жандар қамтылады. Осы бағытта ауданның ауылдық округтарына барып келдім. Жалпы алғанда тұрғындардың белсенділігі жоғары. Бәрі де еліміздің дамуы, тұрғындардың тұрмысының жақсару бағытында еңбек етіп жүр,-дейді «Скрябы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Марья Плетенова.

Ернар ХАЙДАР