18.10.2018, 09:18

Шаңырақтың шаттығы

Қоғамда өмірдің ащысы мен тұщысын қатар көрген, пайым-парасаты жас ұрпаққа ой салып, отбасы құндылығы мен ақ некенің қасиетін қадір тұтуды үлгі ететін ынтымағы жарасып, ырыс-берекесі тасыған шаңырақтар жетерлік. Солардың бірі әрі бірегейі уығын қадап, керегесін кеңге жайған жезқазғандық ерлі-зайыпты Ташман Садықов пен Шүкір Молдағалиеваның отбасы дер едік. Олардың жүріп өткен жолдарын насихаттап, жастарға өнеге ету мақсатында ҚХА Жезқазған қалалық қоғамдық келісім кеңесі, Жезқазған қалалық Аналар кеңесі мен Жезқазған тарихи-археологиялық музейі Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде «Ұлы дала ұрпағының ұлағаты» атты кеш ұйымдастырды.

Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі Шүкір Әбдіғалиқызы Молдағалиеваны аймақ жұртшылығы жақсы таниды. Оның 1978 жылы «Қазақмыс» корпорациясы қарамағындағы балабақшаның тізгінін алған тұста қазақ тілді мектепке дейінгі білім беру ұйымын ашуға қосқан үлесін халық әлі де ұмыта қойған жоқ. Шүкір Молдағалиеваның ел дамуы жолындағы өзге де еңбектерін «Ұлы дала ұрпағының ұлағаты» атты кешке жиналған тілектестері өз сөзіне арқау етті.

Ізгі тілектердің алғашқысын қала басшы-сының орынбасары Зина Ақылбекова жеткізді.

– Сіз бір отбасының ғана ұйытқысы емес, сонымен қатар қоғамның белді мүшесі, бала жанының бағанысыз. Мамандыққа адалдық, іскерлік пен адамгершілік қасиеттеріңіз және тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей әулеттеріңіздің ұлағаты жас толқынға үлгі-өнеге, – деген Зина Жұманазарқызы алтын той иелеріне сый-сияпат жасады. Ақ тілектер легін «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова, «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Бүкіров, ҚХА Жезқазған қалалық Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Зинаида Чумакова мен «Ақ әжелер» ансамблінің белді мүшесі Зоя Бейсенбаева жалғады.

Бүгінде еңбегінің зейнетін көрер шақ-қа жеткен Шүкір апа қоғамдық өмірден алыстамай, салт-дәстүрімізді ұлықтап, ана тілімізді ардақтап, ділімізді, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, келешек ұрпаққа тәлімді тәрбие беріп жүрген «Ақ әжелер» ансамбліне жетекшілік етуде. Қос қарияның қуанышына аталған өнер ұжымы әншашуын жолдады.

Кеш барысында алтын той иелеріне АХАЖ саласының ардагері Аманкүл Оспанова неке куәлігінің телнұсқасын салтанатты түрде тапсырды. Сондай-ақ, Ташман Садықов пен Шүкір Молдағалиева «біздің жолымызды берсін» деген ырыммен жаңадан отау құрған Самат пен Ақботаға батасын берді.

Кештен рухани азық алған қала тұрғындары отбасылық өмірдің ыстығы мен суығына бірге төзген, әр жылы өнегеге толы отбасының шаттығы ортаймасын деген тілекпен тарқасты.