$ 498.34  519.72  4.85

Ұлттық сананы жаңғыртты

Жезқазған тарихи-археологиялық музейі мен қалалық ішкі саясат бөлімі жанындағы жастар ресурстық орталығының бірлесе қолға алған «Ұлттық қазына» этнографиялық жылжымалы көрмесі Жезқазған гуманитарлық колледжінде түйінделді.

Аталмыш көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қаланың жеті колледжінде өткенін айта кеткен жөн. Этнографиялық жылжымалы көрмені ұйымдастырудағы басты мақсат тағдыры талайлы еліміздің Тәуелсіздікке дейінгі тарихы мен бүгінгі жетістігін дәріптей отырып, жастарды елжандылыққа тәрбиелеп, отаншылдық сезімін ояту болатын.

– Бүгінгі жүздесу Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласынан туындайтын тағылымды шараларының бірі. Рухани жаңғырудың басты тетігі ұлттық рух пен өнердің ара жібінің үзілмеуінде жатыр. Оның соңы патриотизмге, туған жеріне деген сүйіспеншілікке ұласады. Туған жерге тағзым ету, ұлтымыздың мәдениеті мен тарихына, салт-дәстүріне құрметпен қарап, оны үнемі насихаттау міне, нағыз патриотизмнің жарқын көрінісі осылар болмақ. Өткенімізді білмейінше, болашағымызды бағамдай алмаймыз. Сондықтан, басты меже өркениетті елдердің қатарынан көрінгіміз келсе, ертеңгі болашағымыз жастар тарих тамырынан нәр алып, ер жетуі қажет, – деген жастар ресурстық орталығының директоры Бақытжан Көпбаев игі бастама үшін музей ұжымына алғысын жеткізді.

Бұдан соң болашақ мұғалімдер қазақ бұрышын тамашалады. Мұнда ата-бабамыздың тұрмысынан сыр шерткен үй жиһаздарымен қатар ат әбзелдері, ұлттық киімдер мен аспаптар, сондай-ақ, қолөнер бұйымдарымен танысуға мүмкіндік болды. Одан соң, музейдің қазақтың ұлттық киімдері сәукеле мен бүрмелі көйлегін киген қыздары мен шапанды, бөрікті жігіттері теріден иленген, ағаштан қашалған ыдыс-аяқтар мен ұлттық аспаптарды ортаға шығарды. Олардың жасалу жолы да кеңінен насихатталды.

Ата-бабадан қалған асыл мұра болып саналатын тарихымыз бен ұлттық өнерді, мәдениетті танып білуге ұмтылдырған этнографиялық жылжымалы көрме соңында Жезқазған тарихи-археологиялық музейінің директоры Раушан Қапарова педагогикалық колледждің басшысы Айгүл Исаховаға естелік сыйлығын табыстаса, білім ошағының оқушылары таным көкжиегін кеңейтетін бұндай кездесулер жиі ұйымдастырылып тұрса деген тілек-ұсыныстарын білдірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Шаңырақтың шаттығы
Келесі жаңалық
Доступно о важном