$ 498.34  519.72  4.85

Геологиялық барлау қарқынды

Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспарындағы Жезқазған аймағындағы минералды-шикізат қорын кеңейту мәселесінің орындалысын талқылауға арналған жиналыс өтті.

Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Аманғали Мұхамбединнің төрағалығымен өткен жиынға «Центрказнедра» геология және жер қойнауын пайдалану аймақаралық департаментінің, геология және жер байлығын пайдалану комитетінің, «Казгеология» АҚ аймақтық филиалының, Жезқазған қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшылары, сондай-ақ еңбек ардагерлері қатысты. Мысты өлкенің минералды-шикізат қорына қатысты сұрақтар бұған дейін бірнеше мәрте қоғамдық кеңесте сөз болғаны белгілі. Қала ақсақалдары қазба байлықтардың жаңа орындарын ашпаса, кең қоры таусылуға айналады дегенді алға тартқан-ды. Жиналыста сөз алған ардагер геолог Сұлтан Сүтбаев та алаңдаушылық танытып, пайдалы қазбалардың жаңа мекендерін анықтау Жезқазған өңіріне ғана емес жалпы республика экономикасы үшін маңызды екенін жеткізді. «Центрказнедра» геология және жер қойнауын пайдалану аймақаралық департаментінің басшысы Азамат Шалабаев алаңдауға негіз жоқ деп сендірді.

– Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Ұлытау ауданын дамытудың 2012-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінді біздің департамент бюджет есебінен барлау жұмыстарын жүргізуде. 2014 жылдан бүгінге дейін 4 млрд теңге игерілді. Бізде 20-дан аса нысан бар. Оның үшеуінде барлау жұмыстары толық аяқталды. Нәтижесінде 22 млн тоннадан астам мыс қоры анықталып отыр. Бұл нысандар «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС әрі қарайғы зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін берілді. Қазіргі таңда бес нысанда барлау жұмыстары жүргізіліп, оның аяқталуы 2019 жылға жаспарланған, - деген Азамат Шалабаев 2019-2020 жылдар аралығында тағы бес нысанда іздестіру жұмыстары басталатынын тілге тиек етті. Қажетті сметалық-жобалық құжаттар 2017 жылы әзірленген.

Жезқазған өңірін дамытудың кешенді жоспары геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 25 млрд теңге қарастыруда. Бұл өз кезегінде жер қойнауын пайдаланудың жаңа нәтижелерге жетіп, соның жемісі ретінде өңір жағдайының жақсаруына жол ашпақ. Минералды-шикізаттық базаны молайту мақсатында жоспарланған нақты істер өз жемісін береді деген пікірді ұстанды жиналысқа қатысқан мамандар. Сонымен қатар, жеріміздегі минералды байлықтарды пайдалану мен игеру мәселесіне қатысты ойларын ортаға салып, біраз пікір алмасты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Алдыңғы жаңалық
Доступно о важном