$ 481.84  531.33  5.07

Ұстаз еңбегі еленді

Еліміздің барлық аймағында мұғалімдерге кәсіби мерекесі қарсаңында үлкен құрмет көрсетілді. Жезқазғанда да ұстаздар қауымы жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша Халықтар достығы мен мәдениеті үйіне қарай асықты.

Бір сәтке күнделікті күйбең тірлікті артта қалдырған мереке иелерін кіреберістен сүйікті оқушылары қарсы алып, бар дауыспен құттықтап жатты. Ал, салтанатты жиынның шымылдығын өз құттықтау сөзімен ашқан қала басшысы Қайрат Бегімов жезқазғандық педагогтардың қуанышын еселей, көңілін күйін аспандата түсті.

–Сіздердің бала көңілдеріңіз әр баланың жанын нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын төгуде. Мұғалімнен өнеге, білім алып өмір теңізін көздеген шәкірт ұстазымен мақтанады. Сіздер мектептің жүрегі, бала жанының бағбаны деген теңеулерге әбден лайықсыздар. Сіздердің қоғам мен адамзат алдындағы ерен еңбектеріңіз өлшеусіз. Мерейлі мерекеде дендеріңізге саулық, отбастарыңызға амандық, істеріңізге сәттілік тілеймін, - дей келе мол тәжірибесімен әрі кәсіби біліктілігімен ағарту ісіне үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздарды марапаттады. Алғашқы болып марапат төріне еңбегі медальмен еленгендер көтерілді. №8 қазақ гимназиясының директоры Сара Әбдікерованың кеудесіне «Ыбырай Алтынсарин» белгісі тағылса, ардагер ұстаз Татьяна Панкрашкинаға «Қарағанды облысының білім саласына еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгісі жарасып-ақ кетті. Республикалық «Жыл әдіскері» байқауының номинанты қалалық білім бөлімінің әдіскері Сәуле Идрисованың да ұзақ жылғы еңбегі «Қарағанды облысының білім саласына еңбегі сіңген қызметкері» төсбелгісімен мадақталды. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін Әсел Жәкенова мен Гүлманат Мұқановаға Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, ал Гүлсім аймақова мен Бақыт Танқыбаеваға министрліктің Алғыс хаты тапсырылды. Ал, Күлдариға Әмзинаға, Күлизат Балкеноваға, Жаңылған Ақбаеваға, Майра Мұқанова мен Айман Бірімжановаға облыс әкімі Ерлан Қошановтың Құрмет грамотасы, Ажар Бейсембаева мен Әлия Сүлейменоваға Алғыс хат бұйырды. Бірқатар мүғалімдердің білім беру ісіндегі ізденісі мен шығармашылығы облыстық білім беру басқамасының Құрмет грамотасымен ескерілді. Сондай-ақ, салтанатты жиында Қайрат Баяндыұлы бала оқыту ісіне ғұмырын арнаған ондаған ұстазды Жезқазған қаласының Құрмет грамотасымен марапаттады.

Мұғалімдер күні мерекесі қарсаңында қалалық педагогтерге арналған байқау өткізу дәстүрі биыл да заңды жалғасын тапты. Әкімнің арнайы сыйақысы да бұл жолы бұрындыдан өзгерек. Қомақты. Нақтырақ айтқанда «Жыл мұғалімі» атанған педагогке 300 мың теңге, өзге аталымдарға 200 мың теңге сыйақы белгіленді. Байқауда қырыққа жуық ұстаз өз бақтарын сынады. Осылайша, «Жыл мұғалімі»

номинациясы жалпы білім беретін №13 орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Жанат Ақшаловаға бұйырды. Ертерек те дәл осы аталымға лайықты деп танылған Бранислав Бугинов, Асан Жанұл мен Зейнеш Бәйменовалар «Жыл мұғалімі» аталымын республика көлемінде дәлелдеп, қала абыройын асқақтатқан-ды. Ендеше, Жанат Аманбекқызына да жүктелген міндет пен артылған сенім мол.

Альмира Қадырбаева «Мектепке дейінгі мекеменің үздік педагогы» аталымын жеңіп алса, Майра Сейілова үздік пән оқытушысы атанды. Ал, мектеп табалдырығын алғаш аттағандарды білім әлеміне жетелеген Назгүл Жанбарбекова мен Бибісара Бекмағамбетова «Бастауыш білімнің үздік мұғалімі» деп танылды. «Жаңашыл педагог» аталымы Бақытгүл Оспановаға, «Адал қызмет иесі» аталымы Мереке Ибраеваға, «Мұғалім зерттеуші» аталымы Сара Әубәкіроваға бұйырды. Бақытын балаға білім беруден тапқан Қанат Дастанов «Білімді дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін», Сағат Әйешов «Қосымша білім берудің үздік педагогы» атанды.

Ақ тілектер ақтарылып, еселі еңбек бағаланған күні ұлағатымен қадірлі ардагер ұстаздарға да құрмет көрсетілді. Көзтартар отшашумен түйінделген салтанатты жиынның ажарын қала өнерпаздарының әуелеген әні мен биі келтірді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары