$ 482.86  533.17  5.08

Экологиялық ахуал басты назарда

Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Зина Ақылбекованың төрағалығымен әкімдікте «Жезқазған қаласының қоршаған ортасын жақсарту» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Қаланың экологиялық жағдайын арқау еткен кездесуге Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығының басқару төрағасы орынбасарлары Елдос Абаканов пен Асхат Сүлейменов, Қарағанды облысының экология департаменті басшысының орынбасары Әлібек Бекмұханов, сондай-ақ, қоршаған ортаны жақсартуға тікелей қатысы бар сала басшылары қатысты. Сөз кезегін алған Елдос Нұрланұлы өзі қызмет ететін қауымдастықтың жұмысымен таныстырып өтті.

– Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы былтыр құрылды. Қазірдің өзінде қауымдастықтың құрамында 90 мыңға жуық мүше бар. Біздің мақсатымыз – экологиялық бастамаларды қалыптастыру және оларды ілгерілету алаңын құру, халықаралық серіктестікті дамыту, инвестициялар тарту, халықаралық жобалар мен бағдарламаларға қатысу, халықаралық сарапшыларды шақыру, «жасыл» технологияны енгізу, қалалардағы экологиялық инфрақұрылымдардың дамуы мен инновациялардың алға басуына үлес қосу, экологиялық мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заңнамаларын жетілдіру, – деді өз сөзінде. Сондай-ақ, бүгінде Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Астана қаласының әкімдіктерімен өзара меморандум жасасқандарын алға тартты. Бұл келісім қауымдастыққа бекітілген аймақты сауықтырудың кешенді жоспарын жасап, оны өміршең етуге мүмкіндік береді. Бүгінгі күні, бекітілген кешенді жоспардың аясында Елорданың экологиялық жағдайын дұрыстауға бағытталған ауқымды істер атқарлып та жатыр. Қазір қауымдастық білікті эколог мамандармен бірлесіп Теміртау қаласының жағдайын жақсарту бойынша жоспар жобасын дайындауда. Алдағы күндері облыстың өндірісті қалалары Жезқазған мен Балқашқа да баса назар аударылмақ. Осы ретте Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы өкілдері біздегі жағдаймен танысуды мақсат тұтты. Жезқазған қаласының экологиялық ахуалы хақында бірнеше баяндама тыңдалды.

Қалалық тұрғын үй шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қуанышбек Сансызбаев тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару мәселесіне тоқталды.

– Қоқыс мәселесі қай өңірде болмасын өзекті. Қоршаған ортаны ластамаудың барлық амалдарын қарастырп жатырмыз. «Сәт Тазалық» ЖШС күнбе-күн қоқыс алаңдарын тазартады. Биыл заңсыз қоқыс үйінділерін аршуға да қала бюджетінен қаржы қарастырылды. Сонымен қатар, қосымша 600 дана қоқыс және құрамында улы сынабы бар қалдықтарды жинайтын 5 қоқыс жәшігі орнатылды, – деген Қуанышбек Келесбекұлы қораптарды тұрмыстық қалдықтардан бөліп

жинайтын «Жар-2013» ЖШС барын айтты. Жезқазғандағы ендігі мәселе – сол қалдықтарды өндеу. Дегенмен, бұл мәселеде алдағы уақытта өз шешімін таппақ. Кеңгір селосы аумағында қалдықтардан энергия өндейтін зауыт құрылысы басталатынын жеткізді ба-яндамашы. Келесі болып сөз алған Аманжол Каримов жергілікті полицияның құрамында қоршаған ортаны қорғау бойынша бөлім барын айтты. Олар жыл басынан заңсыз жер бедерін қазып, бұзған бес тұрғынды құрықтаған. Дегенмен, бөлімнің жұмысын ширата түсуге штат санының аздығы қолбайлау екен. Сонымен қатар, көліктерден шығатын газдарды өлшейтін арнайы құрылғылардың жоқтығын да тілге тиек еткен Аманжол Бақытжанұлы ауыр көліктердің қала жолдарына зақым келтірмеуі қатаң қадағаланатынын да айтты. Ал, жылу электр орталығының директоры Мадияр Алтыбаев қоршаған ортаны ластамау бағытында бірқатар жобалар нәтижелі іске асырылып жатқанын айтты. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС қоршаған ортаны қорғау департаментінің өндірістік экологиялық бақылау бөлімінің басшысы Әлішер Шәмшиев кәсіпорынның экологиялық жағдайды оңалтуға қосып жатқан үлестерін жіпке тізді. Атап айтқанда, ол өз сөзінде корпорация қоршаған ортаны қорғауды басты міндет санайтынын және осы міндетті орындау мақсатында қомақты қаржы бөлінетінін айтты. Мысалы, соңғы үш жылда қоршаны қорғау жұмыстарына 1 252 861,739 мың теңге жұмсалып, 365 жоба іске асқан. 2018 жылы жоспарланған 282 жобаға 733 907,15 мың теңге қарастырылған. Кәсіпорын аймақтың экологиялық ахуалын жақсарту жолында келесідей жұмыстарды атқарады. Олар: кеніштер мен байыту фабрикасындағы ағынды өндірістік суларды қайта пайдалану, өндірістік қалдықтарды қайта өңдеу, кәсіпорын маңайын жасылдандыру, «Жомарт» кенішінде шаруашылық-тұрмыстық суларды тазартудың қондырғысын орнату және т.б.

«Қазақмыс» корпорациясының қаланы көгалдандыру мақсатында 2015 жылы Кеңгірдің жағалауына тал егу жұмыстарын бастаған болатын. Бұл мақсатта 2017 жылы 110 706,0 мың теңге, 2018 жылы 113 537,0 мың теңге көлемінде қаржы қарастырылған. 2019 жылы тағы 123 537,0 мың теңге бөлу жоспарда тұр. Дегенмен, жағалауға егілген талдардың түгелі дерлік жайқалып кетпегені бар. Осы ретте, Әлішер Шәмшиев қалалық әкімдік тарапынан топырақты зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жасыл желектің өспеуінің себебі анықталса деген тілегін жеткізді.

Кездесу барысында қаланың Құрметті азаматы Сағындық Қожамсейітов қаланы тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған Кеңгір су қоймасы өндірістік кешендерге тым жақын орналасқанына және судың ластануына алаңдаушылық білдірді. Айтылған мәселелерді қаперге алған Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы өкілдері алдағы уақытта Жезқазған қаласының қоршаған ортасын жақсарту жөнінде кешенді жоспар әзірлейді және қалалық әкімдікпен өзара ынтымақтастық жөнінде келісім-шарт жасайтын болады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары