Жаңа оқу жылы бас-талысымен еліміздің барлық аймақтарында «XXI ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол» республикалық ата-аналар конференциясы өткізілуде. Жезқазғанда бұндай конференцияның алды қалалық №1 жалпы орта білім беретін мектепте өтті.
300-ге жуық ата-ана қатысқан конференцияны мектеп басшысы Әбдірахман Досанов өз құттыттауымен ашты. Сондай-ақ, конференция жұмысына сәттілік тілеп, басқосудың басты мақсатын түсіндіріп өтті. Ондағы бірінші мақсат – ата-аналарға психологиялық және педагогикалық көмек беру еді. Айта кету керек, жиналған ата-аналардың басым көпшілігі немесе 200 ата-ана баласын биыл бірінші рет мектеп табалдырығынан аттатты. Бүлдіршіндердің мектепке үйренісіп, білім алуға дағдылануы үшін ата-ана мен мұғалімдер барын салулары қажет. Дегенмен, бұл істе ата-ананың рөлі басымдау. Сондықтан, ата-анаға дұрыс бағыт-бағдар беру өте маңызды. Осыны ескерген мектептің ұстаз-психологтары Жанна Үсенғазы мен Жансая Саухимова күйзеліс жағдайындағы ата-аналардың мінез-құлық ережелері, балаға ата-аналық қолдау көрсету стратегиялары туралы кеңінен әңгімелеп, бүлдіршіннің мектепке тез бейімделуі үшін отбасы мен мектеп, ұстаз арасында тығыз байланыс болуы қажет екеннін ұғындырды. Сонымен қатар, өскелең ұрпақтың жаңартылған білім мазмұнын тез игеріп кетуіне тараптар бірлесе атсалысу қажеттілігі айтылып, ата-аналар мен мұғалімдер арасындағы тығыз байланысты орнату жөнінде де ой қозғалды.
Жиында мінберге шыққан дінтану пәнінің мұғалімі, теолог Сәбит Құрманәлиев ата-аналардың назарын теріс діни ағымдардан келетін қауіп-қатерге аудартты. Және жеткіншектерді деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтаудың жолдарын көрсетіп, қоғамда дауға айналған мектеп формасына қатысты Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығының қағидаларымен таныстырды.
«XXI ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол» республикалық ата-аналар конференциясы Қ.Сәтбаев атындағы №7 мектеп-лицейде де жалғасын тапты. Аталған білім ордасында басымдық жоғары сынып оқушыларына берілді.
Ата-аналардың республикалық конференциясына қатысқан «Нұр Отан» партиясы Жезқазған қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлмира Қаженова мен қалалық білім бөлімінің басшысы Жеңіс Әлмағанбетов сөз алып, ел болашағын тәрбиелеуде мектеп пен ата-ана тығыз қарым-қатынаста болып, баланың тұлға
болып қалыптасуында кемшілік жібермеуге тырысу қажеттігін тілге тиек етті.
Жоғарыда аталғандай мектеп ұстаздары оқушыны білім сынағына дайындауда ата-анадан күтілетін психологиялық көмектерді тізіп, жасөспірімнің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен интернет-тәуелділіктің алдын алу бойынша таптырмас ақыл-кеңестер берді. Сонымен қатар, қазір қоғамда жиі кездесетін суицид жағдайларын болдырмаудың жолдары қарастырылып, баланың мінез-құлқы ауто-деструктивті болмауы үшін ата-ананың жасау қажет қадамдары нұсқалды.
Баланың жарқын болашағы, әрине, ата-анаға, оның ішінде берілген тәлім-тәрбиеге тікелей байланысты екені ешкімге жасырын емес. Сондықтан, мектеп мұғалімдері отбасындағы ымыра-бірлік тәрбиеге оң әсер ететінін айтып, ата-аналарды отбасылық құндылықтарды сақтауға шақырып, отбасы берекесінің маңыздылығына терең бойлатты. Кездесу соңында қатысушылар жақсы ата-ананың бойында бар болуы қажет қасиеттерді тізбектеп, өздері қандай қасиетті дамытуы керек деген сұрақ төңірегінде ой қозғады. Сонымен қатар, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың қандай деңгейде екенін сараптайтын сауалнамаға жауап берді.