38 жастағы Жазима Дүйсенғалиева үш жасар ұлымен бір жылға жуық автовокзалды пана етіп келген деп жазады «Мой город».
Жазиманың айтуынша, ата-анасынан 2010 жылы көз жазып қалған. Туыстары бар, алайда олар көмектесуден бас тартқан. Кейіннен қалаға жалғыз келген Жазима тұрмысқа шығады. Бірақ күйеуімен тіл табыса алмай, ажырасып кеткен.
«Ұлымды анамның үйінде өсірдім. Балам бір жасқа толғанша сол үйде тұруға рұқсат берген еді. Одан кейін пәтерден-пәтерге көшіп жүрдім. Кейбір адамдар көмектесіп тұрды. Балам жақында 3-ке келеді. Осы уақытқа дейін бір жылға жуық вокзалды паналап келдік. Қалалық білім бөлімінің қызметкерлері келіп, бізді өздерімен алып кетті. Баламды уақытша жетімдер үйіне беруіме көндірді. Жұмыс істеп, ақша тауып алайын. Содан кейін баламды алып кетемін», – дейді Жазима.
Әйелдің өзі өмірде қиын жағдайларға тап болған жандарға көмек көрсететін орталықта жатыр.
«Біз өміріде көмекке мұқтаж жандарға көмектесуге дайынбыз. Бұл жерде Жазима бір жыл тұра алады. Мұнда адамдарға барлық жағдай жасалған. Психологтың айтуынша, Жазима өзіне деген сенімділігін жоғалтқан. Өзін тастап жіберген. Қазір Жазимаға жұмыс тауып қойдық. Одан басқа сот арқылы баласына алимент алу мәселесін шешіп жатырмыз», – дейді орталықтың басшысы Ерлан Медетов.
Бала қазір көпсалалы балалар ауруханасында жатыр. Көп ұзамай уақытша жетімдер үйіне жатқызылады.