$ 446.49  475.38  4.79

Астанада жеті баласымен күнін әрең көріп отырған әйел көмекке мұқтаж

34 жастағы астаналық келіншек бүгінде жеті баласымен бірге құлағалы тұрған бір бөлмелі үйде тұрып жатыр. Жеті баласын тастап, ішімдікке салынып кеткен күйеуінен еш көмек жоқ екенін айтқан келіншек отбасы «өлместің күйін кешіп отырғанын» жасырмай айтты. Айтуынша, жеті баласының үшеуінің денсаулығында ақау бар деп жазады NUR.KZ. 

Зульфия шиеттей отбасымен бірге елордадағы «Хан Шатыр» сауда кешені маңындағы саяжайда жан бағуда. Үлкен баласының жасы 13-те болса, кішісі қараша айында бірге енді келеді. Бұған дейін өміріндегі түрлі жайттарға мән берместен, алға ұмтылуды мақсат еткен ана енді елден көмек сұрауға бекініпті. Себебі, ол науқас балаларын аяққа тұрғызып, адам қатарына қосуға өзінің шамасы келмейтінін түсінген.

«Кіші балам бірде, үлкенім сегізінші сыныпта оқиды. Өзім 19 жасымда тұрмысқа шыққанмын. Құдайға шүкір жеті балам бар. Үш балам науқас, екі қызым ауырып, екеуіне де психикалық дамуында ауытқу бар деген диагноз қойды. Ал сегіз жастағы ұлым аутизммен ауырады. Былтыр осындағы қайырымдылық қорларының көмегімен оны тегін маманға апарып көрсеткенмін. Маманның арқасында кішкене болса да, сөйлейтін болды. Енді оны емдетіп, сауықтыру орталығына апару үшін де жүгіру керек. Ал мен болсам, кішкентай баламмен шыға алмаймын», – дейді Зульфия.

Келіншектің айтуынша, ол ішімдікке салынып, балаларын ұрып-соғатын күйеуінен ажырасуға бекінгеніне бірнеше ай болған.

«Жолдасым өзімнен тоғыз жас үлкен. Қазір қырық алтыда. Бірақ ол ішімдікке салынып кеткеніне біраз болды. Балаларымды ұра бастады. Сондықтан, бар ерік-жігерімді жинап, ажырасуға бекіндім», – дейді ол.

Қазіргі күні Зульфия 20 мың теңгеге бір бөлмелі ескі үйде тұрып жатыр. Дегенмен, баласы жасқа да толмаған ана әлі көмірге ақша табуы керек. Алда астананың қақаған аязы келе жатыр. «Қыста үйіңіз жылына ма?» деген сұраққа Зульфия үйінің түпкі бөлігінде мұз қатып қалатын кездер болатынын жасырмады.

«Үйіміз, құдайға шүкір, жылы. Бәріміз осы пеш тұрған бөлменің айналасына жылынамыз. Бірақ, кейде бөлменің жоғарғы жақ бұрышына мұз қатып қалатын кездер болады. Ол қиындықтан да өтерміз. Балаларым өсер», – деген ана жақсы өмірден үмітін еш үзбейтінін айтты.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары