Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының тұрғыны 28 жастағы Жеңіс әжесінен өзінің асыранды екенін естіп, биологиялық анасына іздеу салды деп жазады NewTimes.kz.
Жеңіске асыранды екенін әжесі төсек тартып қалған кезінде айтыпты. Хәл үстіндегі қарт о дүниелік боп кетсе бар шындық өзімен бірге жерге көміліп кетеді деп қорыққан екен.
«Ауырып жатқан әжем маусым айында күтпеген жерден «сені асырап алғанбыз» деді. Мені баққан анамнан сұрағанымда ол да басын изеді. Екеуі де құдды үстерінен жүк түскендей жеңілдеп қалғанын айтты. Бұл жағдай маған оңай тиген жоқ», - деп еске алды жігіт сол күнді.
Жеңісті нәресте кезінде анасына әжесі әкеп беріпті. Үйінің жалғызы екен. Әкесі өмірден ерте кеткен.
«Менің анам 15 жыл құрсақ көтере алмаған. Әжем мені анама 2 айлық кезімде әкеп беріпті.
Өзі тумаса да туған баласындай баққан, оқытқан анама ризамын. Ешкімге өкпем жоқ. Бұл тақырып жайлы қайта әңгіме қозғамаймын деп сөз бердім үйдегілерге», - деп сөзін жалғады жігіт.
28 жастағы қарағандылық тұрғын бала күнінде анасынан «неге мен ешкімге ұқсамағанмын?» деп сұрапты. Сонда анасы «Сен әжеңнің әкесіне тартқансың» деп қысқа жауап қайырған. Енді ол бойындағы композиторлық қабілетінін кімге ұқсағанын білгісі келеді.
«Биологиялық анамды бір көрсем деймін. Бақытты ма? Түрі қандай? Ағасы, әпкесі, інісі бар шығар. Солармен танысқым келеді. Жан дүниемдегі ұқсастықтарды туыстарымнан тапқым келеді. Сосын 2 балам бар. Егер өзі қаласа немерелерімен араласса деймін», - деп Жеңіс сөзін аяқтады.