Жезқазған қаласының әкімдігінде қала басшысы Қайрат Бегімовтың төрағалығымен әкімдікте е-Qala жобасының таныстырылымы болды.
Жобаның таныстырылымын «ТрансТелеком» АҚ-ы өкілі Ринат Рамазанов өткізді. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында әзірленген жоба Мемлекет басшысының «Ақылды қалалар» жүйесін енгізу жөніндегі тапсырмасын орындауды басты мақсат етеді.
– «ТрансТелеком» компаниясы ғаламтор, телефон байланысы саласында қызмет етеді. Біздің компанияның жобаларының бірі осы – е-Qala. Бұл жоба Елбасы Жолдауында айтылған «ақылды қала» жүйесін құрудың алғашқы баспалдағы деп айтсақ болады. Жоба қаланың тұрғындары мен мемлекеттік органдар, қызмет көрсетуші компаниялар арасындағы байланысты жеңілдетуді көздейді. Жобаның басты артықшылығы мемлекеттік мекемелердің қызметі, түрлі деңгейдегі бюджеттер, мемлекеттік бағдарламалар, басқа да мәліметтер түрлі ресурстарда жарияланғанымен, қарапайым азаматтар оларды іздеп, оңай таба алады депайту қиын. Ал, мына бағдарламада оның барлығы бір жерге топтастырылған, – деген Ринат Қайратбекұлы жобаны жан-жақты таныстырды.
е-Qala қала жобасы өз ішінен «Менің үйім», «Менің қалам» және «Менің картам» деген үш бөліктен тұрады. Мұнда әрбір тұрғын-үй, ондағы мекемелер бойынша мәліметтер енгізіледі, сондай-ақ, жергілікті басқару органдары, қызмет көрсетуші компанияларға арыз-шағым, өтініштер беру, мекеме басшыларының қабылдануына жазылу, мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жұмысын бағалау жүйесі қосылады. Өтініш берушілер өз арызын қаралған не қаралмағанын бақылап, нақты қабылданатын шешім туралы мәлімет ала алады. Жүйе жоғары деңгейдегі қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге, жобада білім беру нысандары, сервистік қызметтер, тағы басқа мекемелер қамтылып, азаматтарға көрсетілетін қызметтер қолжетімді бола түседі. Жоба туралы мағлұматтармен танысқан Қайрат Баяндыұлы бұл жүйе тұрғындар тілегіне толық жауап беретінін айтып, жергілікті әкімдік оны толық қолдайтынын жеткізді.
– Елбасы біздің алдымызға азаматтардың сұранысына бейімделген аппарат құру туралы міндет қойды. Біздің қызметіміз әрқашан ашық және қолжетімді болуы тиіс. Таныстырылған жоба сол қолжетімділік пен ашықтықты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің жұмысын бағалаудың да жаңа әрі тиімді жүйесін енгізуге мүмкіндік бермек. Сондықтан, біз мұны қолдаймыз. Жаңа жүйені енгізуде әкімдік бас болып, қаладағы барлық мекемелер осы жүйеге қосылатын мүмкіндіктерді бірге қарастырамыз, – деді Қайрат Баяндыұлы.
Жиын соңында қала басшысы әкімдік бөлімдеріне компания өкілдерімен бірлесіп, аталған жобаны енгізу бойынша жұмысты пысықтауды тапсырды.