$ 494.87  520.65  4.91

Азаматтық қоғамда әйелдің рөлі зор

Мемлекет әйелдердің қоғамның әр қызмет саласында таңдау бостандығын қамтамасыз ету үшін барлық шаралар жасауда. Қоғам санасындағы қазіргі заманғы әйелдің елдегі барлық саяси, демократиялық және әлеуметтік-экономикалық процесіне толық құқықтық қатысушысы ретіндегі өркениетті бейнесін қалыптастыру ең маңызды іс болып табылады.

Бұл туралы таяуда Қаратөбе ауданында өткен «Отбасы. Әйел және бизнес» тақырыбындағы аудандық IV әйелдер форумында айтылды. «Қаратөбе әйелдері» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған жиында азаматтық қоғамдағы әйел құқығын жетілдіру жайы да сөз болды.

- Халқымыз бір қолымен бесігін, екіншісімен әлемді тербеткен ананы ерекше сыйлап, құрмет көрсеткен. Қазіргі таңда әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбекке белсене араласып, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп жүр. Олар мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне лайықты үлестерін қосуда. Елбасы «Қоғамның даму барысын өмірде – нәзік, көңілде – биік, ал істе – мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес» деген болатын. Мемлекет басшысы жалпы еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері гендерлік саясат мәселесін назардан тыс қалдырған емес,-деді жиында аталмыш қоғамдық бірлестіктің төрайымы Ажар Берікқалиева.

Қоғамымыздағы тұрақтылық пен еліміздің қалыпты дамуындағы әйелдер рөлінің жоғары екенін атап өткен Қаратөбе ауданының әкімі Жанат Асантаев жанұя жылыуын, шаңырақ шаттығын сақтай отырып, халқымыздың мәдениеті мен тарихын қадірлеп, салт-дәстүрдің дамуына үлес қосып жүрген бір топ нәзік жандыларға алғысхат табыстады.

Жиында Қаратөбе аудандық сотының төрайымы Бақытгүл Жәңгірова, БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Шынар Датқызы сөз сөйлеп, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған киелі өңірде қылмыстық, зорлық-зомбылық істер тіркелмегендігімен, неке бұзу туралы 16 азаматтық іс қаралғандығына тоқталды.

Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселелерге орай форум жұмысының қарары қабылданды.

Ернар ХАЙДАР

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары