27.10.2018, 09:32

Жезқазғандағы Малшыбай ауылында «Жастар – біздің болашағымыз» атты дөңгелек үстел өтті

Елбасы жаңа Жолдауында жастар мәселесі, олардың тәрбиесімен қатар болашақ мамандық таңдауына да баса назар аударған болатын. Осы бастаманы шалғайда жатқан ауыл жастарына талдап түсіндіру мақсатында қашанда қаламыздың қоғамдық-саяси, мәдени өміріне белсенді атсалысып жүретін «Бастау жолы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Серік Ақбөкен Серікқызы.

«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас!». Кез келген жан туған ауылын, алтын ұя бесігін, аяулы мекенін мақтан етіп, бар жан тәнімен, шынайы махаббатымен сүйері хақ. Осындай ұлы сезіммен Ақбөкен қарындасымызда туған ауылы десе ет жүрегі елжіреп, қолынан келгенше бар шапағатын кіндік қаны тамған өлкесіне арнаумен келеді. Бұған дейін де талай игі жарқын істердің ұйытқысы, қолдаушысы екенін білеміз. Өзі бас болып Малшыбай селолық округіндегі мектептің 6-9 сынып оқушыларымен «Жастар – біздің болашағымыз» атты кездесу өткізді.

Дөңгелек үстелдің нысанасы мектеп оқушылрына дұрыс мамандық таңдауға бағыт-бағдар, салауатты өмір салтын нық ұстану, туған өлкесінің тарихын зерделеп, соған адал қызмет ету сияқты ақыл-кеңесін берді. Ақбөкен Серікқызы өзінің өнегелі жолынан сыр шертіп, жастарды үнемі ізденісте болып, жалқаулықтан аулақ, жақсылыққа құштар болуды, ең бастысы білімді, намысты болуға шақырды.

Кездесу қонақтары тарих пәнінің мұғалімі Ернар Жақияұлы, Арапа Сағындықова, жас маман психолог Жұлдыз Доқдорханқызы оқушыларға ақыл кеңестері мен өмір тәжірбиелерінен, балалық бал кезеңдерінен қызықты естеліктер айтты. Оқушыларда өздерін қызықтырған әрі толғандырып жүрген көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, мардымды жауаптар алды.

Қорыта келгенде жастар заманға сай, қоғамға ең қажетті мамандықты таңдау керек екенін саналарына қондырды. Өз кезегінде психолог Жұлдыз мұғалім оқушылармен тренинг өткізіп, әп сәтте оқушылардың қандай мамандыққа икем-қабілетті екенін бірден анықтап берді. Кездесуге қатысушылар да, әсіресе оқушылар осындай тартымды, мазмұнды іс-шараны ұйымдастырған Ақбөкен Серікқызына шексіз алғыстарын жаудырды.

Ізтөлеу ТҮСІПОВ