Жезқазған қаласының медициналық колледжінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2018 жылдың 5 қазанында жарияланған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстелі өткізілді.
Шараның мақсаты – Елбасымыздың жаңа жолдауын, оның әр тармақтарын жүйелі және айқын іске асыру мақсатында Жолдаудың негізгі ережелерін талқылау.
Жиын барысында медицина колледжінің студенттері баяндама жасады. Баяндама жасаушылар өз сөзінде білім беру, агроөнеркәсіп кешенінің даму жолдары мен студенттердің шәкіртақысын өсіру, оқытушылардың еңбекақыларына қатысты бірқатар мәселелерге тоқталды.
Студент жастардың сөзінше, Елбасы Жолдауында көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік және қоғамдық өмірді жаңарту қажет. Оның қатарында жастарға сапалы білім беру мәселесі де жоқ емес.
Еске сала кетейік, 5 қазан күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына кезекті «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын арнап, еліміздегі күрмеуі шешілмеген мәселелерді реттеуге шақырды.
Сондай-ақ, Президент өз Жолдауында ең төменгі жалақыны 42 мың теңгеге дейін көтеріп, медицина және білім саласындағы кемшіліктерді жоюға шақырды. Бүгінде Елбасы жолдауы еліміздің әрбір аймағында қызу талқыланып жатыр.