ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен құрылған ақпараттық-насихаттық топ Отырар ауданының тұрғындарымен кездесіп, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының міндеттерін түсіндірді.
Келелі жиын барысында аталмыш департаменттің қызметкері Қуандық Құлажанов бастаған ел ағалары «Мәңгілік елге жетелейтін 100 нақты қадам» тақырыбында баяндамалар жасады.
Баяндамашылар үздік отыздыққа апарар Ұлт жоспары, кәсіби мемлекеттік аппарат құру, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөнінде сөз етті.
- Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлықпен күрес барлық мемлекеттік органдар алдындағы басты міндеттің бірі болып отыр. Қылмыстың бұл түрінің қоғамымыздың барлық саласына тамыр жайып кеткені жасырын емес. Өкінішке қарай, ол білім беру, медицина сияқты ізгілікті діттеген салалардан бастап құқық қорғау органдарына дейін бой көрсетіп жүр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет шараларының ғылыми танымдары мен өзекті мәселелері Қазақстандағы қоғамдық қатынастарды реформалаудың барлық кешенді мәселелерімен тығыз байланыста. Сондықтан да қоғам бойындағы бұл кесапат кеселмен күреске мемлекетіміз айрықша мән беріп отыр. Сондай-ақ, ол тек құзырлы мекемелердiң ғана мiндетiне жатпайды. Онымен бүкiл қоғам болып күрескенде ғана оң нәтижеге жетуге болады, - деді жиын барысында баяндамашылар.
Жиында ауданның қариялары ғана емес, жастары да белсенділік танытты. Олар ақпараттық-насихаттық топ мүшелеріне көкейде жүрген сауалдары мен ұсыныс-пікірлерін жеткізді.
- Қазіргі заманымыздың үлкен қоғамдық дерті болып саналатын мәселенің бірі — жемқорлық. Жемқорлық - мемлекетіміздің беделіне, демократиясына, ұлттық қауіпсіздігіне, экономикалық дамуына, адам құқықтарының сақталуына үлкен қауіп төндіретін дерт. Жемқорлық бүкіл әлемді жаулап алып, жаралаған деуге болады. Сондықтан біз мемлекет беделіне нұқсан келтірмеуіміз керек, - деді отырарлық қариялардың бірі.
Жиын барысында билік өкілдері Отырар ауданының тыныс-тіршілігін де бағамдады.Осы орайда атқарылып жатқан оңды істердің жай-жапсарымен танысып, оң баға берді.