19.08.2015, 05:09

Сенатор Айтаханов Түлкібас халқымен кездесті

Фото: kaz.gazeta.kz

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қуаныш Айтаханов оңтүстік аймаққа сапары барысында Түлкібас ауданыны әкімдігінің мемлекеттік қызметшілерімен кездесті.

Кездесуде бес инсти­­туционалды реформаны жүзеге асырудың «100 нақты қадамының»  маңызы, Президенттің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар барысы туралы сөз болды.  

Сенатор жиынға қатысушыларға кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың қадамдары туралы түсіндірде келе, мұның бәрі сайып келгенде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жасалып жатқан қадамдар екенін жеткізді.

Қуаныш Айтаханұлының айтуынша, жуық арада мемлекеттік қызметке қабылдау рәсімдері жаңғырып, қызметке қабылдау ең төменгі лауазымдардан басталады. Мемлкекеттік қызметке үміткерлер іскерлік қасиеттеріне орай іріктеледі. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметке алғаш қабылданушылар бір орталық арқылы іріктеледі.

Осынау Ұлт жоспарын жүзеге асырудың жаһандық ішкі сын-қатерлер­ге жауап және жаңа тарихи жағ­дай­ларда дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену жөніндегі баянды бағдарлама екендігін атап өтті.

- Бес институционалды реформаның жемісін алдағы бес жылда көре бастаймыз. Мұның елдің әлеуетін арттырып, тұрмысын жақсарта түсетініне сенімдімін, - деді Қуаныш Айтаханұлы.

Жиында Еуразиялық экономикалық одақ пен Дүниежүзілік сауда ұйымының артықшылықтары мен кемшін тұстары, бұл ұйымдардың Қазақстанның экономикасына ықпалы секілді мәселелердің бәрі айтылды.

- Отандық тауар өндірушілер одақтастардың бәсіне сапалы өнімдер шығару арқылы ғана төтеп бере алады. , - деп атап өтті Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.

Сондай-ақ, Парламенттің заң шығару жұмысындағы өзінің депутаттық қызметі туралы хабардар етті.

Кездесу барысында тұрғындар сенаторға аудандағы өзектi мәселелердi жеткізіп, олардың шешілуіне ықпал етуді сұрады. Өз кезегінде Парламенттің жоғарғы палатасының өкілі жолданған сауалдарға жауап беріп, кей мәселелерді заң шығарушы органның мiнберiнен көтеруге сөз берді.

Айта кетейiк, Түлкібаста өткен кездесу барысында ауданда 2008 жылдан бері тұрғын үй салу үшін бірде-бір жер телімі берілмегені, ауылдарда шағын және орта бизнесті дамытудың қиындықтары секілді мәселелер көтерілді.

Қуаныш Айтаханұлы жиын соңында «Серпін-2050» бағдарламасының маңызы, Оңтүстік халқын Солтүстік облыстарға көшіру саясатының астары жайлы айта келе, ауылда жұмыс таппай жүрген тұрғындарды, әсіресе, жастарды мүмкіндікті пайдаланып қалуға шақырды.