11.10.2018, 03:23

Б.Байбек: «Алматының әр ауданы өмір сүруге қолайлы бола түседі»

Ең төменгі еңбекақыны 1,5 есеге, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын 35 пайызға өсіру керек. Биылғы жолдаудағы Президент жүктеген бұл тапсырма халқымыздың 10 пайызға жуығының нақты табысын арттырады дейді Алматы әкімі Бауыржан Байбек. Мегаполис басшысы қала активімен кездесіп, жолдау жүктеген міндеттерді саралап шықты.

Халықтың тұрмыс сапасын арттыру, әлеуметтік секторға мән беру мен қауіпсіздік сапасы биылғы жолдауда басты назарға алынды. Халық денсаулығы да ең маңызды құндылық ретінде аталып өтті. Елбасы 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды паспорты жасалып, кезектер мен бюрократияны жоюды нықтап тапсырды. Ұлт саулығын сақтап тұру үшін халықты сапалы азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуді, бұл орайда отандық өндірісті қолдап, «Бизнестің жол картасы» сынды бағдарламарды әлі де нысанада ұстауды қадап айтты. Бауыржан Байбек жыл соңына дейін Алматыдағы барлық қалалық емханалар қағазсыз жұмыс істеу жүйесіне көшеді деді. Ал Президенттің биылғы жолдауын «халқымыздың әлеуметтік ахуалын едәуір арттыруға бағытталған теңдессіз ауқымды құжат» деп атап өтті.

«Елбасы жолдауында қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа ие болуы тиіс деп ерекше атап өтіп, ең төменгі еңбекақыны 1,5 есеге, бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын 35 пайызға өсіруді тапсырды. Бұл халқымыздың 10 пайызға жуығының нақты табысын арттырып, азаматтардың қалың жігіне үлкен көмек болмақ. Орынсыз рәсімдерді мейлінше азайту, Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасын әзірлеу, сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейту, мемлекеттің ашықтық және есептік қағидаттарына негізделген қызмет жүйесін жетілдіре түсу – халықтың сенімін арттырудың бірден бір жолы», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Бұдан былай мегаполисті тартымды етуге ден қойылмақ. Алдағы 15 жылда қоғамдық көлікпен жүретіндер санын 4 есеге өсіру міндеті тұр. Жүргіншілер мен велосипедшілер жолын үш есеге арттыру қажет. Ал жеке транспорт саны бүгінгі деңгейінде сақталуы қажет. Қазір Алматыда 600 мыңға жуық автокөлік тіркелген. Егер бұл санды сақтамасақ экологияны құртамыз дейді қала басшысы.

«2035 жылға дейін біз 700 мың адамды білім, денсаулық, IT, өнер және туризм салаларында жұмыспен қамтамасыз етуіміз керек. Ол үшін сапалы білім мен денсаулық сақтау саласы дамыған қолайлы, инновациялық және экологиялық орта қалыптастыруымыз қажет», – деп атап өтті Бауыржан БАЙБЕК.

Ал қашанда басты мәселе болған баспана жайы назардан тыс қалған жоқ. Халыққа қолайлы тұрғын үйлер салу да негізгі мақсаттардың бірі болмақ.

«Алатау, Наурызбай сияқты шет аудандардың да тұрғындары үшін барлық қызмет қолжетімді болуы тиіс. Дүкен, мектеп, балабақша, қажетті демалыс орындары, бәрі-бәрі адамдардың өзі тұратын аумағынан табылуы керек», – деді Алматы әкімі.

Биылғы жолдауда барша ұстаздарының көптен күтіп жүрген мәселелері дөп басып айтылды. Ол – мұғалімдерге білім беруден басқа міндеттердің жүктелмеуі, олардың қоғамдағы рөлі мен абыройы. Ұстаз мәртебесінің заңмен бекітілетіні барша мұғалімдер қауымын қуантты.

«Ұстаздардың беделін көтеру шынында да қуантатын жаңалық болды. Қазір ұстаздың беделі бітті десек те болады. Ұстаз беделінің төмендегені соншалық, тіптен шегіне жетті. Ұстазға қоғамның көзқарасы да өзгеріп кетті. Шын мәнісінде, терең білім алатындай, ұстаздың сол білімді беруге жан-жақты мүмкіндігі болатындай жағдай болады деп сенемін», – деді Қазақстанның еңбек ері, құрметті ұстаз Аягүл МИРАЗОВА.

«Бұл жолдауға мен тек қана халыққа жолдау ретінде ғана қарамаймын. Мен оны Қазақстан халқының даму стратегиясы, ұлт жоспары және манифесі ретінде де қарастырамын. Мектеп проблемасы, мұғалімдердің статусы туралы заңды қабылдау мәселесі, жастарға арналған бағдарлама, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламаларын ары қарай дамыту, тұрғындарды әлеуметтік жағынан қорғау мәселелері жақсы көтеріліп отыр», – деді М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан ҚАЛИЖАН.

Елбасы өз жолдауында жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы қажет деп атап өтті. Сондай-ақ, келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. Осы орайда, Алматы әкімі жастарды білімге баулу үшін алдымен оларға қолайлы жағдай жасап, студенттерді жатақханамен қамту қажет деді.

«Студенттерді жатақханамен қамту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Екеуі салынды, жыл соңына дейін тағы екуінің құрылысы аяқталады. Келесі жылдың ортасына дейін 3 жатақхана пайдалануға беріледі. Бұл 3000 студентті жататын орынмен қамтиды. Бұл да білім саласына оң әсер етері анық. Алдағы екі жылда 19 мың орынға арналған 37 жатақхана салынады. Біз барлығына жер тауып қойдық», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

«Осы жолдау арқылы жастардың барлық көкейкесті мәселелерін көтере отырып келесі жылды Жастар жылы деп жариялауы біз үшін үлкен сыйлық ретінде қабылдадық. Жалпы, осы бастаманы біз 5 әлеуметтік бастаманың жалғасы ретінде қабылдадық», – деді магистрант Гүлжайна ӘНУАРБЕКОВА.

Келер жылы елімізде кем дегенде, 100 спорт кешені салынуы қажет. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған жолдауында осындай тапсырма қойды. Сонымен қатар, дене шынықтыру және сауықтыру орталықтары балалар мен жасөспірімдер үшін қолжетімді болуы керек деді. Спорт майталмандары да дені сау ұлт қана елдің әл-ауқатын арттыруға жұмыс істей алады деген пікірде.

«Елбасы 2018 жылғы жолдауында спортқа ерекше тоқталып кетті. Ол кісінің 2030 жылға дейін Қазақстан халқының 30 пайызы спортпен шұғылдануы керек деген тапсырмасы бар. Сол межеге жақындап қалдық», – деді олимпиада чемпионы, бокстан олимпиадаға дайындық орталығының директоры Ермахан ИБРАИМОВ.

Бауыржан Байбек халықты сапалы медициналық қызметпен қамту, инфрақұрылымды дамыту, білім беру және бұқаралық спортты дамыту хақында жауапты басқармалар мен басшыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Алматы активі енді жолдау айқындап берген міндеттерді жүзеге асыруға кіріспек.