$ 439.43  473.31  4.82

Әйел-аналар қамқорлықсыз қалмайды

Орал қаласында әйелдерге арналған әлеуметтік оңалту және бейімделу орталығы бар. Орталық қызметкерлері қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, отбасында кикілжің туып, өмірден түңіліп, не істерге білмей жүрген әйел-аналарға қамқорлық жасауда.

- Қазақ халқы әйел-ананы отбасының жылуы, отағасының қосағы, ырыс пен берекеттің бастауы деп келсе, қазіргі таңда балаларының анасын соққыға жығып, өз отбасының берекетін кетіріп, ішімдікке салынып жүрген ер-азаматтарымыздың саны, өкінішке орай, жыл санап өсіп келеді. Әр отбасындағы туындаған мәселелерді тиімді шешу мақсатында 2013 жылы осы орталық ашылған болатын. Облыстық жергілікті полиция қызметі, БҚО әкімі жанындағы әйелдер істері жөніндегі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, қалалық білім беру бөлімі, балалардың құқықтарын қорғау ұйымдарымен бірге тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, тағдырдың қиындығына ұшыраған әйелдерге құқықтық кеңестер беріп, тұрмыс түйткілдерін шешуде бірлесіп көмек көрсетіп келеміз. Бірақ өз әкесінен арашалау мақсатында отбасы мүшелерін (ана мен баланы) орталыққа орналастырып қана қоғамдағы белең алған отбасы проблемасын шешу мүмкін болмай отыр. Зорлық көрген әр әйелмен сөйлесе отырып, ер-азаматтардың ішімдікке салынуының себебі неде екен деп ойға қаламыз. Қазіргі таңда орталық осы жерге бас тіреп келген ана мен балаға мемлекеттік стандартқа сәйкес қызмет көрсетуде,-дейді аталмыш орталықтың директоры Ганди Шамкелова.

Таяуда орталық мамандары «Жайық дауысы» қоғамдық бірлестігімен бірге «Әйелдің бақыты - отбасы!» атты шара ұйымдастырды. Онда қоғамдық ұйым төрайымы Хадиша Мұқанова отбасы құндылықтарына тоқталды. Ол тәуелсіздік жылдарында отбасы құндылықтарын нығайту бағытында елімізде қыруар шаруа атқа-рылғанын баяндады. Елбасымыздың бәсекеге қабілетті ұлт, бақытты отбасы, саналы да білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған сындарлы саясатының нәтижесінде ана мен баланы қолдау бойынша бағдарламалық құжаттар, гендерлік теңдікті сақтау стратегиясы қабылданып, мемлекеттік деңгейдегі отбасылық саясатта тұтастай жүйе қалыптасқанын жеткізді.

Шараға қатысқан психологтар, көпшілікке танымал жандар өмірден түйгендерін айтып, орталықтағы әйелдерге ақыл-кеңестерін берді.

Ернар ХАЙДАР,
Батыс Қазақстан облысы

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары