50 жастағы Орал тұрғыны Біржанның екі әйелі бар. Біреуі – жақында ғана күміс тойын атап өткен заңды әйелі болса, екіншісі – Атыраудағы тоқалы деп жазады Nur.kz.
Біржанның айтуынша, ол тоқалына қатты ғашық. Вахталық жұмыста істейтін ол бір ай Оралда болса, бір ай Атырауда болады екен.
«Мен өз әйелімді жақсы көремін. Балаларымыз бар, немере сүйіп отырмыз. Бірақ уақыт өте келе менің екінші отбасым пайда болды. Бірнеше жыл бойы отбасыма адал болған адаммын. Бір күні вахталық жұмыста жалғызсырай бастадым. Сол уақытта екінші әйелім Ақсұлуды кездестірдім. Оны сүйіп қалдым. Әйелімнің білмегенін қалаған едім, алайда күндердің бірінде өтірігім ортаға шықты», – дейді Біржан.
Әйелі ажыраспақшы болған. Алайда кейіннен сабасына түсіпті. Біржан бірінші әйелімен ажырасқысы келмейтінін айтады. Сондай-ақ, тоқалын да тастап кете алмайды екен.
«Ақсұлудың екі баласы бар. Олар мені әке деп атайды. Қазір еркектер арасында тоқал алу сәнге айналған. Басқа еркектер тоқалды секс үшін пайдаланса, біздің арамызда махаббат сезімі бар. Кейде вахталық жұмысымыды ұзартып аламын. Өйткені Ақсұлудың жанында қалғым келеді. Оның менсіз бір жаққа шыққанын қаламаймын, басқалардан қызғанамын. Ақсұлу он жыл бойы аңсап, әрең дегенде жолықтырған адамым», – дейді ер адам.
Оның айтуынша, бүкіл айлығын әйеліне беріп отырады. Ақсұлу да одан артық ақша сұрамайды, талап етпейді екен.