09.12.2018, 10:42

«Азанды дұрыс шақырмады»: Шымкентте «намазхан» жігіт өгей баласын тепкілеп өлтірді деп айыпталуда

Шымкентте 22 жастағы жігіт 5 жасар өгей баласын тепкілеп өлтірген деп айыпталып жатыр. Бұл туралы заңгер Айгүл Орынбек өзінің Facebook-парақшасында жазды. Аталған ақпаратты БАҚ өкілдері де таратуда.

Белгілі болғандай, күдікті - 1996 жылғы жас жігіт - ислам ағымдарының бірін ұстанатын көрінеді. Ол 5 жасар өгей ұлына құптан намазы кезінде азан шақыртқан. Әлі ақылы толмаған сәби діни амалды дұрыс орындамаса керек, ашуға булыққан «намазхан» әке оны тепкілеп тастаған.

Оқиға 5 желтоқсан күні болыпты. Жедел жәрдем сәбиді ауруханаға жеткізіп үлгергенімен, дәрігерлер оның өмірін аман алып қала алған жоқ.

Nur.kz порталының жазуынша, ауруханаға жеткізілгенде дәрігерлерге туыстары «екі қабатты кереуеттен құлады» деген екен. Алайда, алғашқы тағайындалған сараптама нәтижесінде баланың соққы салдарынан көк бауыры езіліп кеткені анықталған.

Күдікті ұсталған, оған ҚР Қылмыстық кодексінің 106 бабының 3-ші бөлігімен айып тағылып, қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.