Белгілі заңгер Айгүл Орынбек ҚР Бас прокуроры Қайрат Қожамжаровқа желілік маркетингтен алданып қалған қара халыққа көмектесуді сұрады. Айтуынша, жеңіл жолмен ақша табамын деп алданып қалған тұрғындардың саны көп. Олар ақша табу былай тұрсын, берген қаржыны кері ала алмай жүр.
«Қылмыстық кодекс не үшін, министр Қасымов мырза? Әлде қылмыстық кодекс алаяқтар, ұрылар үшін арнайы жазылған ба? «Ырыс», «Несібе», «Береке», «Асар» жобалары қара халықты зар қақсатып, алдап, түбіне жетіп отыр. Жеңіл жолмен ақша табам деген халық саны өте көп. Қазақстанда құрылып, халықтың сеніміне кіріп, миллиондап ақша жеп отырған алаяқтарға құзырлы органдар неге жол беріп отыр? Еліміздің заңы нағыз қылмыскерлерге келгенде әлсіз, ал қарапайым халыққа келгенде қатал. Қәзірдің өзінде 450-ден астам жәбірленушілер бар, бұл менің білетінім ғана. Алданған халық саны өте көп екеніне менің күмәнім жоқ! Еліміздің Бас прокуроры Қожамжаров мырза, мына жобаларды басты назарға аласыз деген үміттемін!», – деп жазды Айгүл Орынбек өзінің Instagram-парақшасында.
Сондай-ақ, осы «Ырыс» жобасына кіріп, алданып қалған халық «SN.kz» порталына шағымдарын жеткізді. Ася ханымның айтуынша, оларды бұл жобаға Нұргүл Ахметова деген әйел мен оның құрбысы шақырған көрінеді. Бұл жобаға кіру үшін бірі астындағы көлігін, кейбіреуі басындағы баспанасын сатып жіберіпті. Алайда, бірнеше ай өткеннен кейін адамдар ақшаларын ала алмай, сан соғып қалған. шағымданушылардың айтуынша, желілік маркетингтің арбауына түсіп қалғандар Нұргүлдің үстінен арыз жазған. Бірақ, құқық қорғау органдары әлі күнге дейін оған шара қолданбай отыр дейді.