Бір-ақ күн тұрып, қайта алынып қалған екінші Николай ескерткіші еліміздің солтүстігінде қайта орнатылуы мүмкін.
Петропавл маңында Ресей императорының бюстін жеке кәсіпкер қайта қоюға ниетті екенін айтады. Және оған еш кедергі жоқ деп есептейді.
Осыдан бір ай бұрын Николай ескерткіші еліміздің солтүстігінде орнатылды деген ақпарат қоғамда біраз дау тудырып, қарсылық білдіргендер көп болған еді. Нәтижесінде бюсті орнатушы кәсіпкердің оған рұқсаты болмай шығып, алынып қалған.
Десек те кәсіпкер Петр Вагнер шіркеу аумағында Ресей императорының бюстін орнатуға рұқсат қажет емес дейді. Сондықтан оны қайта орнатпақ.
«Шіркеудің ішінде орнатылды. Сол күйінде тұр. Әлі ешқандай өзгеріс жоқ. Өзгеріс болмауы да мүмкін», – дейді Архангелка ауылдық округінің әкімі Мұрат Құсайынов.
Ал бюсті шіркеудің ішіне орнатуға дін істері басқармасы рұқсат беріпті. Тарихшы Ақмарал Ибраева болса, Тәуелсіздік үшін күрескен ата-бабаларымызға түгелдей тас орнатпай жатып, Николай патшаға ескерткіш қоюды әбестік санайды. Қазақ халқын көтеріліске шығуға итермелеген қанды қол патшаға ең алдымен бізде емес, өз елінде құрмет көрсетілсе игі деп есептейді.
«Патша үкіметінің тұсында халыққа қанаушылық болды. Отарлық езгі өзіндік көрініс тапты. Ол негізгі саясатқа байланысты жүзеге асырылды, Николай патша кезінде. Сондықтан Алаш зиялы өкілдері осы проблеманы көре отыра саяси күреске шықты», – дейді тарих ғылымдарының докторы Ақмарал Ибраева.
Ал қоғам белсенділері, билік о бастан-ақ нүктесін қою керек еді деп есептейді. Себебі, бұл мәселеде халықтар арасында жанжал туындатпай, мұндай жағдайға да жеткізбеуге деп болатындығын айтады.
«Біздің қолымызда қандай билік бар, қандай мүмкіндік бар. Шулап-шулап қоямыз», – дейді «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай.
Сонымен бірге, қоғам белсенділерінің сөзінше, қазірдің өзінде ескерткіш туралы сөз болмауы тиіс. Өйткені бұл сыртқы әсердің нәтижесіндегі арандатушылық болуы мүмкін деп есептейді.