Оңтүстік Қазақстан облысының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алды. Мемлекет тарапынан қаржыландыратын барлық мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік сатып алуда тауарлары мен қызмет түрлерінің бағалары туралы мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 92 мемлекеттік органдарда жарияланған мемлекеттік сатып алу конкурстары жарамсыз деп танылды.
Оңтүстік Қазақстан облысының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментінің баспасөз қызметі осылай деп хабарлап отыр. Аталмыш департамент сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында, мемлекет тарапынан қаржыландыратын барлық мемлекеттік мекемелердің мемлекеттік сатып алуда тауарлары мен қызмет түрлерінің бағалары туралы мониторинг жұмыстарын жүргізген.
Нәтижесінде, 92 мемлекеттік орган мемлекеттік сатып алу конкурстарында өрескел заңсыздыққа барғаны анықталды. Мәселен, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі – мүгедектер үшін «міндетті гигиеналық құралдарының» (калоприемник) әр данасын – 2571 теңгеден сатып алмақшы болған. Алайда, Департамент қызметкерлерінің зерделеу жұмыстары негізінде аталған заттың негізгі нарықтық орташа бағасы – 960 теңгені құрайтындығы анықталды. Яғни, әр данасына 1600 теңгеден артық баға қойылған.
Егер, Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі сатып алу конкурсын жүзеге асырғанда, онда мемлекеттік бюджетке 14 млн. теңгеден астам залал келуі мүмкін еді,-дейді Оңтүстік Қазақстан облысының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерлан Ермаханбетов.
Сондай-ақ, Шымкент қаласының тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі қысқы маусымға қажетті деген тұздың құнын тендерде асырып көрсеткен. Нарықтық орташа бағасы тоннасына 6-6,5 мың теңге тұратын тұзды аталмыш бөлім «Шымкент қаласының көшелеріне көктайғаққа қарсы техникалық тұз себу» лотында 11,8 мың теңгеден деп жариялаған.
Осыған орай, Департаменттің ұсынысы негізінде конкурс тоқтатылып, 7,8 млн. теңге көлемінде мемлекет қаражаты тиімсіз жұмсалуына тосқауыл қойылды.
Айта кету керек, жоғарыда аталған фактілер – құқық қорғау органдарында, білім саласында, әкімдіктерде, денсаулық сақтау саласында және т.б. мемлекеттік мекемелерде (тіптім мемлекеттік университеттерде де) орын алған.
Қазіргі таңда, осы анықталған фактілерге сәйкес, жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершіліктерге тартылып, әкімшілік айыппұлдар салынды. Осылайша, Департамент тарапынан жүргізілген зерделеу жұмыстары нәтижесінде, жалпы көлемі 165 млн. теңгеден астам қаражатты мемлекет бюджетін талан-таражға салуға жол берілмеді.