04.02.2019, 12:18

«Бес баланың өлімі сенің мойныңда!»: Белгілі құқық қорғаушы министрлерді кінәлады

Белгілі құқық қорғаушы Айгүл Орынбек Астанада өрттен қаза тапқан бес баланың өліміне министрлерді кінәлады. Оның айтуынша, егер мемлекет көпбалалы отбасылардың жағдайын жасағанда, мұндай жантүршігерлік оқиға болмас еді.

Сондай-ақ, ол жақында ғана көпбалалы аналар үшін 16 мың теңге жетеді деген Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі  Мадина Әбілқасымованы сынға алған.

«Мадина Әбілқасымова «16 мың жетеді!», - деп бүкіл әлемге жар салып едің! Бес баланың өлімі сенің мойныңда! 16 мың жетсе, байғұс ана түн ішінде жұмыс істеп несі бар? Қу жетіспеушілік, шырылдаған балаларға қайтсем нан тауып берем деп жүрген ана боталап қалды-ау! Бұл бір ұлттың қасіреті! Әлеуметтік жағдайы жақсы, дамыған отыз елдің қатарына кірген рухани жаңғырған мемлекет көп балалы аналардың жағдайын жасай алмай отыр!», – деп ашына жазды Айгүл Орынбек өзінің Instagram-парақшасында.

Ол шенеуніктер қарапайым халықтың жағдайын еш ойламайтындарын алға тартып, өрттің құрбаны болған бес баланың өліміне жауап берулерін сұрады.

«Шанель, манель киген министрлер, «қорқақ» үкімет шығыңдар көшеге, ауылдарға! Көріңдер халықтың жағдайын! Сендер көрмей жүрген жоқсыңдар, сендер көріп жүріп көздеріңді тас қылып байлап алған көр соқырсыңдар! Бейбітшілік заман, қауіпсіз елде бес бала отқа жанып кетіп отыр. Өлген жас сәбилердің күлі сендердің мойындарыңда!», – деді құқық қорғаушы.

Айта кетсек, Астанада жеке үйлердің бірінде болған жойқын өрт салдарынан 5 бала қаза тапқан болатын.