Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының уақытша депутаттық комиссиясы екі ай бойы өңірдегі жолда жүру қауіпсіздігі мәселесін зерделеді.
Жұмыс қорытындысы жөнінде облыстық мәслихаттың 42-ші сессиясында азаматтар құқығын қамтамасыз ету және жергілікті өзін өзі басқару бойынша тұрақты комиссия төрағасы, депутат У. Мелдеханов баяндады.
У. Мелдеханов бүгінде қалада 11 зияткерлік торап жарақтандырылғанына назар аударды. Олардың мәліметтеріне сәйкес, ағымдағы жылдың жеті айында ереже бұзғандарға 550 миллион теңге айыппұл салынды. Депутаттың пікірінше, қалған көшелердің қиылысында да, яғни 86 торапта да бұл заманауи жүйені орнату керек. Ол үшін 2 миллиард 207 миллион теңге қажет.
Сессияға қатысқан облыс әкімі Болат Атамқұлов Шымкент «Smart city» жүйесі бойынша дамитынын мәлім етті. Оның негізгі бағыттары - қауіпсіздік деңгейін арттыру, жолдағы апаттық жағдайды төмендету және қалалық көліктің жұмысын жақсарту. Қараша айының басында облыс орталығын дамыту мүмкіндіктерін, соның ішінде жол айрықтарын салу, базарларды қаланың шеткі аймақтарына көшіру мәселелерін талқылау жоспарланып отыр.
Мәселені талқылаған соң облыстық мәслихат облыстағы жолдардағы жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстар көрсетілген шешім қабылдады. Айта кетейік, облыста сонымен қатар балалар арасында жол ережелерін сақтау, құқықбұзушылықтың алдын алу мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп келеді.