$ 494.87  520.65  4.91

Шымкентте 64 жастағы зейнеткер қарияларға арналған таныстыру агенттігін ашты

Жәдігер Құлсариев — Қазақстандағы қарттарға арналған алғашқы неке агенттігінің негізін қалаушысы. 64 жасына дейін өрт сөндіруші болып жұмыс істеген ол, неліктен осы істі бастауға бел буғанын, екі айдың ішінде қанша жұптың басын қосқанын, агенттіктің көмегіне көбінесе кімнің жүгінетінін айтып берді деп жазады Stan.kz.

Зейнеткер қоғамда кең таралған «махаббат үш жыл ғана өмір сүреді, кейін сыйластық қана қалады»  деген пікірмен келіспейді. Оның айтуы бойынша, жалғыздық Құдайға ғана жарасқан,  адамға өмірлік серігі жүз жасқа келгенде де қажет.

«Біздің қалаларымызда көрші көршіні танымайды. Ешкім басқа адаммен қызықпайды, бір-біріне қолдау көрсеткісі келмейді. Әркімнің жеке басының проблемасы бар. Мен қалада тұрамын. Баспанамыздың жанында бірнеше қабатты үй бар. Далаға шыққанда, демалыс күндері сол үйдің тұрғынымен шахмат ойнатынмын, сөйлесетінбіз. Бір күні әлгі кісі іс-түссіз жоқ болып кетті. Басқа көршілерден оның қайда кеткенін сұрасам, олар да ешнәрсе білмейді. Коммуналдық қызметтердің түбіртегі алып келетін адам барып, есігін қақса, ешкім ашпайды. Барлығымыз не болды екен деп әбігерге түстік.

Ақырында, тұрғын үй коммитетінің адамдары келіп, оның үйінің есігін бұзды. Жерде өліп жатқан жерінен тауып алды. Қайтыс болғанына бірнеше күн болған екен. Экспертизадан оны ешкім өлтірмегені, өзінің дәлізде жығылып құлағаны анықталды. Егер оның жанында серігі болғанда, мұндай жағдай орын алмас па еді? Мүмкін, ол дәріге немесе суға жете алмай қалды ма? Сол жағдайдан кейін осындай ойлар мазамды алды. Мен егер оның жанында жұбайы болғанда, жедел жәрдем шақырып немесе көршілерге айтып, құтқарып үлгерер еді деген қорытындыға келдім. Жалғыздық тек Құдайға ғана жарасқан. Сезім сөніп қалады деген бос әңгіме. Махаббат өмір соңына дейін, жүзге келгенде де керек», — дейді Жәдігер Құлсариев.

50 жастан жоғары адамдарға арналған агенттіктің ашылғанына екі ай ғана болса да, оның көмегіне жүгінген қазақстандықтардың саны көп. Жәдігер Құлсариевтың  айтуынша, қазақтардан бөлек ислам дінін ұстанатын ұлттардың өкілдері зейнеткер ұйымдастыратын шоу-бағдарламаларға қатысуға ұсыныс білдіреді.

Зейнеткер кафені жалдағанға, тамада мен музыканттың қызметіне ақшаны өз қалтасынан шығарады. Қарияға берекелі іске бейжай қарамайтын жағдайы жақсы азаматтардың көмегі керек. Ол біреу кафені, екіншісі тамаданы жалдап берсе, кафені өз қолына алу туралы шешімге келіп отыр.

Біз кеште шай ішіп, әңгімелесіп, билеп, ән салып қайтамыз. Әркімнің жеке өміріне араласуға құқығым жоқ. Бірақ кеш аяқталып қалғанда сөйлесіп, бірге шығып бара жатқан жұптарды көрдім. Өзім ашқан неке агенттігі арқылы қосылған он бес жұпты білемін. Білмейтіндерім қаншама! «Рахмет, сіздің арқаңызда жанұя болып кеттік» деп разылықтарын жеткізіп жатқандар бар.

Ендігі кездесуді наурыз айында жасауды ойластырып жүрмін. Құдай қаласа, алты нәзік жандыларды және алты ер азаматты лимузин сынды көлікке отырғызып, қаланың көрікті жерлерін аралаймыз. Осы шоу-бағдарламаға Алматы қаласынан бір келіншек келеді. Жалпы, агенттікке келетін жүз пайыз адамдардың жетпісі — әйелдер, отызы — ер азаматтар. Әйелдер бала-шағам, құда-жекжаттарым көрсе ұят болады деумен құпия түрде келгісі келеді. Алдында операторымен тілші келгенде төрт-бесеуі бірден қайтып кетті. «Интернетке шығып кетеміз” деп қорқады. Тіпті, Солтүстік Қазақстаннан Шымкент қаласына біз үшін арнайы келген қыз-келіншектер болды», — дейді ол.

Жәдігер ашқан некен агенттігіне қатысты қазақстандықтардың ойы екі арнаға бөлінген. Бастапқыда өзінің баласы да әкесінің бұл іспен айналысуына қарсы болған. Бірақ ақырында балалары Жәдігердің бастамасын қолдауды жөн көрген.

«Төрт балам, екі қыз, екі ұлым бар. «Немерелеріңізге қарап, сурет салып, телевизор қарап отырыңыз, жұмыс та істемей-ақ қойыңыз, шоу-бағдарламаны қайтесіз» деп бір перзентім айтты. Бірақ ісіме қолдау көрсетіп жатыр», — дейді Жәдігер Құлсариев.

Белгілі бір себептермен өмірлік серіктерінен айырылған қазақстандықтарға тағы да бір мүмкіндікті берген Жәдігер Құлсариве өз ісі алға басатынына сенеді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары