Көкшетауда мектеп мұғалімдері мен көпбалалы ананың арасында дау-дамай туды. Олар әйелдің 3-сыныпта оқитын ұлын ұрып-соғатынын айтуда. Алайда көпбалалы ана өз кінәсін мойындамай отыр және баласын ешқайда өткізбейтінін мәлімдеген.
Алғашында мұғалімдер бұған аса мән бермеген. Яғни, төсектен құлаған не болмаса есінен танған болар деп ойлаған.
«Оқушыдан денесінің неге жиі көгеретінін сұрағанымда, ол інісінің ойыншықпен ұрғанын айтатын. Бұған үндемедім. Бірақ бетіндегі көгерген белгілерін көргенде бірден медициналық пунктке апардым», – дейді мұғалім Сара Мейрамова.
8 жасар бала бұл мектепке басқа білім ошағынан ауысып келген. Ол анасына ешуақытта шағым жасамаған. Отбасында 4 бала, әкелері жоқ екені анықталды. Үлкен қызы Астанада білім алса, қалған 8 және 6, 2 жасар балалар анасымен бірге.
«Балаларымның қарны тоқ, Киімі бүтін. Көшеде нан сұрап қайыр тілеп жүрген жоқ. Тіпті үйде нан жоқ болса да ешкімнен алақан жайып сұрамаймыз», – дейді көпбалалы ана.
Алайда, медбикенің айтуынша, баланың денесінде ұрып-соғу белгілері бар.
Қазіргі уақытта мұғалімдер мен көпбалалы анадан және балалардан жауап алынуда. Әйелдің айтуынша, екі ұлы мүгедек. Ал 8 жасар баласы астма ауруымен ауырады екен.
Анық болғандай, бұрынғы мектепте де осы мәселе туындаған. Кәмелеттік жасқа толмағандардың ісімен айналысатын полиция өкілдері әйелді ана құқығынан айыруды қарастырмақшы. Егер сот рұқсат берсе, оқушы балалар үйіне жіберілуі мүмкін.
Дереккөз: КТК