$ 494.87  520.65  4.91

Қоғамдық сана қалыптастырмай, қылмыс тоқтамайды

Қазақстандық қоғамда пара беру де, пара алу да үлкен қылмыс ретінде саналатындай қоғамдық сана қалыптастыру қажет. Әйтпесе, сыбайлас жемқорлық қылмысының тоқтауы неғайбіл. Түлкібас ауданы ХҚКО-ның  реттеу залының басшысы Р.Бүгібаев осылай дейді.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылданғаннан бері он жылдың ішінде, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер дәйектілікпен жүзеге асырылуда. Осы бағыттағы шаралар мен көкейтесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көрністерінің азаюы байқалады. Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі - парақорлық. Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет, - дейді ол.

Оның мәлімдеуінше, парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет болып, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды.

- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңына сәйкес сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс, - дейді Р.Бүгібаев.

Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтармен айналысуының бірнеше себептері бар. Олар: мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білім дәрежесінің төмен болуы; құқық бұзушылыққа немқұрайды қарайтын, қызметтік тәртібі төмен кейбір мемлекеттік органдар; кейбір мемлекеттік қызметшілердің мемлекет мүддесін емес, өзінің жеке басының жайын күйттеуі; кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы заң талаптарын орындау жөніндегі жұмысының мардымсыздығы.

- Сыбайлас жемқорлық - сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған қауіпті кесел. Ол үшін көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көрністеріне тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Әрбір азамат өзінің конституциялық құқығын қорғап, өзінен пара сұраған адамды әшкерелеуге қатысса, жемқорлықтың алдын алуға көмектескен болар еді, - дейді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары