«Мемлекеттік қызметшілердің заңдарды орындау мәселесіне талап қою қажет.
«Мемлекеттік қызмет туралы» заң, тиісті нормативтік-құқықтық актілерді оқымайтын, оны білуді қажет санамайтын мамандар бар. Біздің қоғамдағы дерттің бірі - осы». Мұндай пікір Түркістан қаласында Н.Назарбаевтың 5 институттық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамын» талқылау барысында айтылды.
Қоғамдық ұйымдар, кәсіпкерлер, зиялы қауым өкілдері мен ақсақалдар алқасы қатысқан жиынды Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Рысбеков жүргізді.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының ОҚО филиалы Түркістан өкілеттігінің төрағасы Әбдікамал Әшімбетов жарыссөзге шығып, мемлекет басшысының саясатын қолдауда және орындауда халықтың бірлігі қажеттігін алға тартты.
- Егер «Заңды орындасаң, ол - заң, ал оны орындамасаң, сөз бен сөйлемдерден тұратын құжат болып қалады» деген сөз бар. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты айтылған мәселелердің барлығы заңда көрсетілген. Бірақ, алдағы уақытта қабылданатын заңдарда оны одан әрі қатаңдата түсу қажет. Заңды бұрмалауға, бас пайдасы үшін айналып өтуге болмайтындай жетілдірген жөн, - деді ол.
Ал, Түркістан қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы Мұсахан Дүйсекеевтің пікірінше, «100 нақты қадамда» барлық сала қамтылған.
- Мемлекеттік қызметшілер адал қызмет ету керек. Әркімнің істеген ісіне қарай еңбекақы төлеу жолы қарастырылуда. Сыбайлас жемқорлықты азайту жолында күресуіміз қажет, - дейді ол.
«Жанубий Қазағистон» газетінің меншікті тілшісі Шамырза Мадалиевтің пікірінше, мемлекеттік қызметшіге жалақы да, үстемеақы да саралау бойынша төленуі керек. Ол адам жыл бойына өткен сынақ бойынша өзіне балл жинауы керек. Сынақ нәтижелерін барлық қызметшілер көріп отыруы тиіс. Сонда үстемеақы жасырын не бастықтың шешімімен төленбейді, сыбыс әңгіме де болмайды.
ХҚТУ-нің 4 курс студенті Айдар Шарапов «100 нақты қадам» жоспарының елімізді тағы бір белеске көтеруге қызмет ететініне сенімді.
- «100 нақты қадам» Ұлттық жоспары дамыған отыз елдің қатарына ену жолында жасалып жатқан маңызды қадам деп айтуға болады, - деді қалалық мәслихат хатшысы Ғани Рысбеков өзінің қорытынды сөзінде.