$ 494.87  520.65  4.91

«Пайғамбар» өзінің жынды екенін елден естіпті

«Өзін пайғамбармын» деп жариялаған түркістандық азамат Оңтүстік Қазақстан облысының жүйке аурулар емханасын сотқа бермек. Бұл туралы арызданушы Нұрәлі Әмірәлиевтің өзі мәлімдеді, деп жазады NUR.KZ

51 жастағы Түркістан тумасы жақын күндері мерзімі өткен көлік жүргізу куәлігін ауыстыру үшін полиция бөлімшесіне келіп, бос қайтқан. Себебі, тәртіп сақшылары оның жүйке аурулар ауруханасында есепте тұратынын айтып, құжатсыз шығарып салыпты.

«Мен ешқашан ауруханаға бас сұғып емделген емеспін. Бұлар қайдан шығарды менің жынды екенімді. «Есі ауысқан» деп мені жындыхана тізіміне қосып қойыпты. Тіпті күн сайын Түркістан қалалық жүйке аурулар ауруханасынан дәрігерлер келіп, «сіз науқассыз, ауруханаға жатыңыз, емдейміз» деп мазамды алады. Маған тіл тигізгендердің күнәсін жуып-шаюдың құны – қазақтың 2 миллион теңгесі. ОҚО дәрігерлерінің күнәсі 100 миллоннан асып кетті. Сондықтан оларды сотқа беремін», – дейді Нұрәлі Әмірәлиев.

Өзінің Алла үкімімен пайғамбар болғанын жария еткен Нұрәлі Әмірәлиев қазір құран аударып, ораза тұтып жүргенін айтады. Көлік жүргізу куәлігі кәсіп үшін керек екен. Себебі, тұрақты жұмысы болмаған соң таксилетіп нәпақа табуды жоспарлағанын айтады. Тіпті ол халық арасында өзіне сенетін азаматтардың көбейіп келе жатқанын алға тартты.

«Шын ниетімен көмек сұрағанның барлығына қол ұшымды созамын. Маған көзі көрмей, жүре алмай қалған азаматтар келді. Соларға бір рет дем салып бердім. Барлығы құлан таза айығып кетті. Тіпті дәрігерлер ота жасау керек деген ауруларды жазғаным бар. Бірақ ешқайсынан ақша алмаймын. Ең бастысы менің пайғамбар екенімді мойындап, алдыма келіп көмек сұраса болды», – дейді.

Еске сала кетсек, ОҚО-да тұрғын биліктен өзінің пайғамбар екенін мойындауын талап еткен еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары