Шымкент қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес облыс орталығындағы А.Гайдар атындағы орталық балалар кітапханасында «Жауапсыздық жемқорлыққа жол ашады» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға «Нұр Отан» ХДП ШҚФ-ның есепке тіркеу және статистика секторының меңгерушісі М.Жұматаева мен «Нұр Отан» ХДП ШҚФ өкілі С.Юсупов, бөлім қызметкерлері мен бөлімге қарасты мекеме басшылары қатысты.
- Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бітіспес күрес болмай, демократиялық қоғам салтанат құрмайды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес әркімнің іштей жауапкершілігінен басталады. Жауапкершілік ұғымы Отан, Ана, Ар, Иман ұғымдарынан кем соқпайтын, адам үшін де, қоғам үшін де кір жуымас қасиеттің бірі болуға тиіс. Әсіресе, қолына билік пен халықтың қаржысы сеніп тапсырылған мемлекеттік қызметкерлер бұл ұғымның қадір-қасиетін қастерлеуі тиіс, - деп атап өтті «Нұр Отан» ХДП ШҚФ-ның есепке тіркеу және статистика секторының меңгерушісі –бас есепшісі М.Жұматаева.
Оның мәлімдеуінше, мемлекеттік қызметкерлер нақ осы жауапкершілік ұғымын қастерлемегендіктен, сыбайластыққа апаратын жолды ашып береді. Тіпті үлкенді-кішілі лауазым иелері жұмыстағы салдыр-салақтықты былай қойғанда, ар, ұят жауапкершілігін де белден басады.
- Мемлекеттің іргесін үңгитін бұл індеттен құтылу үшін де жауапкершілік ұғымын әр қызметкер ұлық тұтуы керек. Ал ұлықтайтын ұғымның қасиетін қастерлемесе, оның киесі ұрады. Бұл – халқымыздың даналығы, - дейді ол.
«Нұр Отан» ХДП ШҚФ өкілі С.Юсуповтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық - өте қауіпті жағымсыз әлеуметтік көріністердің бірі, экономикалық заңдардың еркін әрекетін біршама деңгейде шектейді және еліміздің әлемдік қоғамдастық алдындағы беделін төмендетеді, еліміз үшін пайдалы шетелдік инвестициялардың жолындағы басты кедергілердің бірі болып табылады.
- Сыбайлас жемқорлық, әсіресе, мемлекеттік билік органдарында қауіпті. Бұл жағдайда ол мемлекеттік қызметшілердің шешім қабылдауда беделін түсіретін өкілеттігінің және қатаң құқықтық есеп берудің, шенеуніктерді қадағалаудың жоқтығынан биліктің монополияға айналуына әкеліп соқтырады. Ол еліміздің, қоғамымыздың және жекелеген азаматтардың мүдделеріне көп зиян келтіреді, - деп атап өтті ол.