$ 447.4  477.55  4.76

ШҚО-да әскери жігітімен банкоматқа кеткен келіншек жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен

Осыдан бірнеше жыл бұрын Күршім ауылының тұрғыны Мамырбекова Гүлжан Тынымханқызы хабар-ошарсыз кеткен еді. 2011 жылдың 19 сәуірінде банкоматтан ақша шешіп, кішкене баласына тамақ аламын деп үйінен шығып кеткен жас келіншек үшті-күйлі жоғалған. Бүгін туыстары мен үйдегі қос құлыншағының Гүлжанды іздеп, күтіп жүргендеріне тұп-тура 8 жыл толып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс.

Гүлжанның қос ұлы бүгінде есейіп қалды. Ол кезде үлкен ұлы 12-де, кенжесі не бары 1 жаста ғана еді. Аналары жанында болса, биыл жазда 40 жасқа толады екен. Қанша жыл өтсе де, аналарына деген сағыныштары басылар емес. Осы уақыт бойы үміттерін үзбей, іздеумен, күтумен келеді...

«Сен жанымда болмағалы тура 7 жыл болды, анашым. Қайда жүрсең де, мен сені жақсы көремін, анашым.  Қайтып оралшы бізге, қатты сағындым сені. Жанәли де, менде үлкен болдық, енді біз саған қараймыз. Өтінемін, анашым, келші жанымызға. біздің көз жасымызды Алла жерге тастамайды! Өтінемін, келші жанымызға», - деп жазыпты Гүлжанның үлкен ұлы осыдан бір жыл бұрын әлеуметтік желідегі парақшасында.

Анасынан ерте айырылған баланың жанайқайы кімнің болса да жүрегін селт еткізер.  Жылдар жылжып, араға қанша уақыт салса да, анасының із-түссіз жоғалып кетуі баланың үмітін үздірмейді, көңілін суытпайды екен. Ол әлеуметтік желі арқылы анасына іздеу салып жүр.

 Гүлжан Мамырбекова – әскери қызметкер, Күршімдегі 27955 әскери бөлімінің ефрейторы болған.

Жоғалып кеткен күні ол банкоматқа ұжымдас танысымен бірге кеткен екен. Оны нақты көрген адамдар бар. Үйінен шығып кеткеннен кейін Гүлжан анасына қоңырау шалып, қазір қайтатынын айтады. Алайда дәл сол сәттен бастап байланыссыз қалған.

Гүлжанның жоғалып кеткеніне ата-анасы белгілі бір адамдардың қатысы бар екеніне сенімді. Тіпті, ол туралы бүкіл ауыл білетін, сезіктенетін көрінеді. Бұл оқиғаның жай-жапсары бірқатар облыстық, республикалық газеттерде ашық жарияланған болатын. Десе де, 8 жыл бұрын басталған іздеу мен тергеу амалдары еш нәтиже бермей, іс тоқтап қалады.

Бұл жұмбақ оқиғаның жұмбақтары көп секілді. Гүлжанның әкесі Тынымхан Мамырбековтың айтуынша, 19 сәуір күні оның қызын ертіп кеткен адам жай ұжымдас қана емес. Ол – Гүлжанның кенже ұлының әкесі, бұрыңғы жігіті.  Екеуі ұзақ уақыт қарым-қатынаста болып, үйленеміз деп жоспарлап жүрген. Алайда жігіт уәдесінен тайып, басқа қызға үйленіп кетеді.

-Ол кезде Гүлжан екеуінің ұлы 9 айға толып қойған, - дейді туыстары.

Екеуінің баласы бар екенін некелескен жарына айтпауын өтінген жігіт ұлына қаржылай болысып тұруға уәде етеді. Бірақ бұл уәдесін де орындамайды. Осыған қатысты араларында біраз келіспеушілік болған көрінеді.

19 сәуір күні ол Гүлжанның ұялы телефонына 15 рет қоңырау шалған. Айлығы түскенін айтып, банкоматтан барып бірге шешіп алайық деп ертіп кетеді. Банкоматтағы бейнебақылау камерасына Гүлжанның оның көлігіне қайта отырғаны түсіп қалған.

Бас кезде «банкоматқа дейін ғана жеткізіп салдым» деген жігіт, бұл сөзінен тайып, камерадағы бейнежазба анықталған соң «ары қарай үй жағындағы бұрылысқа дейін жеткіздім» деп өзгеріп салады. Гүлжанның ата-анасының сөзінше, бұл жігіт айтқандарын сан рет өзгертіп, талай құбылса да, полиция оны тексеріп, тергеуге аса ден қоймаған екен.

-Гүлжанды соңғы рет көрген адам болғандықтан басты күдікті сол еді. Алайда ол қамауға да алынбады. Көп ұзамай, тіпті, қызмет бабымен басқа жаққа ауысып кетті, - дейді Тынымхан Мамырбеков.

Ал Гүлжанның ісі болса қаралмай, тергелмей жата береді. Ата-анасы жан-жаққа жазып, көмек сұрап шырылдайды. Соның күшімен істе сәл қимыл байқалады да, ізінше қайта тоқтап қалып отырады. Себебі, тергеушілер үшін бұл істе ешқандай іліп аларлық факті жоқ екен. Гүлжанның өзі де, денесі де табылмаған. Ал «бірдеңе көрдік, естідік» деген адамдар өз сөздерін жоққа шығарыпты.

Гүлжанды іздеп табудан күдер үзбеген туыстары әлі де істі алға жылжыту үшін түрлі тұлғалар мен органдарға хат жазып, көмек сұрауын жалғастыруда. Бармаған жерлері, баспаған таулары қалмады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары