ІІМ 1 шілдеден бастап тіркелу, емтихан тапсыру бөлімін жабады, деп хабарлайды Stan.kz.
Бұл бөлімнің атқарымдары «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына берілді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарының барлығы және арнайы ХҚКО осы корпорацияның қарамағында.
Қазір барлық арнайы ХҚКО-да құжаттарды қабылдау және транспортты тіркеу, көліктерге мемлекеттік нөмірлерді беру, құжаттарды табыстау атқарымдары бар. Полиция қызметкерлері жол жүру ережесі туралы теориялық және практикалық емтихандарды қабылдайды. 1 шілдеден бастап жүргізушілерден емтиханды ХҚКО-ның қызметкерлері алады.
Салықтың, кеденнің және өзге де құқық қорғау органдарының мәліметтер базасы арқылы онлайн түрде көлікті тіркеуге қажетті құжаттардың бар не жоқтығы жайлы ақпарат анықталады. Бұл туралы ІІМ хабарламасында айтылған.
«Жүргізуші куәлігі берілгенде және көлік тіркеуге қойылғанда полицияның азаматтармен байланысы және мемлекеттік корпорациямен байланысы үзіледі», — деп жазылған.
Полиция қызметкерлері құжаттарды тексеру туралы өтініштерді автоматты тәртіпте қарастырады.