Ақтөбе облысында 19 жастағы студент жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Бойжеткеннің мүрдесін Бадамша ауылындағы бір үйдің моншасынан тауыпты. Марқұмның туыстары болса, қызымыз ол үйге бармақ түгілі, тіпті жақын араласқан көршілеріміз де емес деп отыр, деп xабарлайды Еуразия бірінші арнасы.
Сараптама кеудесінен тізесіне дейін дымы қалмай күйіп қалған қызды иістен уланды деп қорытынды шығарған. Алайда марқұмның жақындары мұнымен келіспейді. Олар біреулер қылқындырып өлтіріп, сосын үстіне ыстық су құйған деп отыр.
Жұлдыздың жасы небәрі 19-да болған. Отбасындағы үш баланың кенжесі әрі жалғыз қыз. Ауылындағы колледжде аспаз мамандығына оқып жүріпті. Сырқаттанып жүрген анасына қолғабыс болсын деп, сондағы дәмханада жұмыс істеген.
"Ол деген - өлім. Мен ешқандай қызымды қия алмаймын. Ол өзінен өзі барып біреудің моншасын жаға алмайды. Біріншіден, арақ ішпейді, темекі тартпайды, ол қалай біреудің моншасына баратынын айта алмаймын", - дейді анасы Кенже Төлешова.
Оқиға Бадамша ауылында болған. Жақындарының айтуынша, Жұлдыз түнгі сағат 1-де дәмханадан жұмыстан шыққан. Ал, өлі денесін ертесіне күндізгі сағат 11-лерде табады. Тауып алған - моншаның қожайынының ұлы екен. Ол жерге Жұлдыздың қалай барғаны, кіммен барғаны жақындарына әлі күнге - жұмбақ.
"Қарындасымды біреу шақырып алған немесе даладан әкеліп, үстіне ыстық су құйған. Сол себепті қайтыс болған. Енді заключение беріп тұр угарный газ деп. Хозяйка айтады "менде бәрі жақсы істейді, печка да дұрыс" деп тұр", - дейді ағасы.
"Енді, күмәніміз бар, әдейі өлтірген шығар. Қылғындырған сияқты, қызыл іздер бар мойынында", - деді Жұмагүл Төлешова.
Қайғылы жағдайдан бері 10 күн өткен. Бірақ ағайындары әлі күнге тергеушілерден мардымды жауап ала алмай жүрміз дейді. Істің түсініксіз тұстары көп екенін айтады.
"Маған звондағанда жүрегі тоқтап қалды деді, парға кірген. Сосын өзіне ыссы су шашып, жүрегі тоқтаған деді. Енді мына қағазда иіс тиді деді", - дейді анасы.
Әділдік іздеген Төлешовтер прокурорларға шағымданбасқа амалымыз қалмады деп отыр. Өйткені тергеушілер істің мән-жайымен таныстырмақ түгілі, қылмыстық істің қай баппен қозғалғанын да айтпапты.
"Жазбаша арызды біз қабылдадық, тиісті тәртіппен тіркеледі. Сосын заңда бекітілген мерзімде арыз қаралып, қылмыстық іс міндетті түрде зерттеледі", - деді облыстық прокуратураның басқарма басшысы Тимур Қыдыралин.
Жұлдыздың жақындары оның ақжарқын, пысық, оғаш қылығы жоқ, ерке болғанын айтады. Колледжді аяқтап, дипломын алуына да небәрі санаулы уақыт қалған екен.
Марқұмның жақындары бойжеткен иістен уланып өлді дегенге мүлдем сенбейді. Сот-медициналық сараптамасының қорытындысына да күмәнмен қарап отыр. Сондықтан, мәйітке эксгумация жасауға арызданып қойған.