«Аңыз адам» журналына қатысты дау жаңа арнаға түсті. Бүгін басылымның басшысы Жарылқап Қалыбай тағы бір сотқа шақырылды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Бұл жолы редактордың үстінен Алматы қалалық Ішкі істер департаменті арыз түсіріпті. «Журналдағы екі мақаладан «экстремизмді ақтау белгілері табылды» деген себеппен. Бірақ журналист бұны да әдейі жасалып отырған әрекетке балайды. Яғни әлдебіреулер «мені соттан сотқа тартып, қысым жасамақ» деген пікірде.
― Бұл сот ана соттан басқа. Ол азаматтық сот болатын. Ол сотқа біз наразымыз және дайындап жатқан апелляциялық шағымымыз бар. Ал енді сөйтіп жатқан сәтте Алматы қаласының полициясы келіп, бізді мемлекеттік сараптаманың қорытындысы бойынша екі мақалада экстримизді ақтау белгілері бар екен деп екінші әкімшілік сотқа беріп отыр, ― деді «Аңыз адам» журналының бас редакторы Жарылқап Қалыбай.
Бір қызығы, бұл жолы Жарылқап Қалыбайға қатысты іс судья Арман Тұрғынбаевтың қолына беріліпті. Ол былтыр редактор мен стюард арасындағы дауға байланысты шешім шығарып, оны 3 тәулікке қамаған еді. Сондықтан «Аңыз адам» журналының басшысы бірден іс басталмай жатып, судьяның алмастырылуын талап етті.
Бас редактор ұзақ талқыдан кейін дегеніне жетті. Нәтижесінде арыз қанағаттандырылып, бұл істі енді Алыбай деген судья жалғастыратын болды. Бірақ жаңа судья іске кірісуге әзір болмағандықтан, тыңдалым кейінге шегерілді.
Еске сала кетсек, «Аңыз адам» журналына қатысты дау биыл жеңіс мерекесі қарсаңында басталған еді. Өткен айда ғана 13 ардагердің арызы бойынша, азаматтық іс қаралып, бас редакторға 13 миллион теңге айып салынған еді.