$ 444.22  476.38  4.82

Алматы облысында кәсіпкер көпбалалы отбасыларға 105 үй салып берген

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова Үкіметтік жұмыс тобының Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» әлеуметтік шараларын іске асыру мәселелері бойынша өңірлерге жасаған сапарларының қорытындысы туралы баяндады, деп хабарлайды primeminister.kz.

Биылғы 12 наурыздан бастап 4 мамыр аралығында Үкіметтік жұмыс тобы Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларын енгізу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін еліміздің өңірлеріне жұмыс сапарымен барып қайтты. 

«Бүгінгі таңда біз 263 кездесу өткіздік, 157 елді мекенде болдық, 269 адамды жеке қабылдап, кірісі төмен 72 отбасыға бардық. Жалпы алғанда 27 000-ға жуық адам қамтылды», — деді Г. Әбдіқалықова. 

Кездесулер негізінен көп балалы және аз қамтылған отбасылармен, еңбек ардагерлерімен, мүмкіндіктері шектеулі жандармен, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру салаларының қызметкерлерімен, қалалар және ауылдардың тұрғындармен өткізілді.

Бұдан өзге, аудандардың әкімдерімен, кәсіпорындардың, бизнес-құрылымдардың және кәсіподақтық ұйымдардың басшыларымен кеңестер өткізілді. Әлеуметтік-еңбек саясатының мәселелері қаралды. Төмен жалақы алатын жұмысшылардың жалақысын көтеру, мерзімі өткен жалақы бойынша берешекті өтеу, еңбек қауіпсіздігі жағдайларын сақтау, өндірістік жарақаттануды төмендету, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және т.б. мәселелер талқыланды.

Г. Әбдіқалықова бизнестің өз қызметкерлерімен қоса, жергілікті халықты әлеуметтік қолдау мәселелеріне қатысты бастамасын ерекше атап өтті.

Мәселен, Алматы облысында мұндай кәсіпкерлердің бірі - Жамбыл ауданындағы «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы Темірлан Шайнүсіпов. Ол ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтумен қатар, әлеуметтік салаға үнемі көмек көрсетіп тұрады. Ол 50 орынға арналған балабақша, заманауи футбол алаңын, сондай-ақ «Болашақ» әмбебап сауда орталығын салған. Ең бастысы, 2008 жылдан бастап ол көп балалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ өзінің шаруашылығының жұмысшыларына арнап 105 үй салған.

Мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік күн тәртібіндегі басқа да мәселелерді қарау бойынша кеңестер өткізілді. Мысалы, Қостанай облысында «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын, Қызылорда облысында Білім және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын, Ақмола облысында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы, Жамбыл облысында алғашқы медициналық-санитарлық көмек мәселелері, Солтүстік Қазақстан облысында еңбек ресурстарының жұмылғыштығы мәселелері қаралды, Қарағанды облысында Республикалық үшжақты комиссияның отырысы өткізілді, Шығыс Қазақстан облысында мүмкіндіктері шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау саласындағы Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.

Сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау және төлеу бойынша құжаттарды қабылдауға дайындық тұрғысынан Халықты жұмыспен қамту орталықтарының жұмыстары тексерілді. Бүгінде талап етілетін құжаттарды оңтайландыру есебінен АӘК тағайындау рәсімін жеңілдетуге бағытталған «Е-Халық» ақпараттық жүйесі енгізілді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары