2015 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан «Жаужүрек полк» мерекелік шеруіне бұл жолы да мыңдаған елордалық қатысты. Әдеттегідей «Қазақ елі» монументіне жиналған қауымның қарасы қалың, деп хабарлайды Елорда Инфо.
«Жаужүрек полк» шеруі сағат 12-30 - да басталды. Қолдарында майданда ерлік көрсеткен, ұрыс даласынан оралмай оққа ұшқан ата, әкелерінің, туған-туыстарының фотолары, транспаранттар, шар мен гүл шоқтарын ұстап келген қауым сапқа тұрды.
Жыл сайын Ұлы Отан Соғысына қатысқан ардагерлер, сұм соғыстан жаралы оралған жандардың, концлагерь тұтқындары, тыл еңбеккерлері мен барша соғыс зардабын тартқан жандардың ұрпағы осылай алаңға жиналады.
Қазақстан Қарулы күштерінде 30 жыл қызмет етіп, қазір запасқа шыққан Ахметжанов Берік Жәлелұлы шеруге қатысушылардың бірі.
«Жаужүрек полк» шеруіне ардагердің ұлы, қала тұрғыны ретінде қатысып отырмын. Барлық ардагерлерімізді шын жүректен Жеңіс мерекесімен құттықтаймын. Сіздер барлық құрметке лайықсыздар. Ұрпақтардың атынан мың тағзым», - деді ол.
Шеруге қатысушылардың бірі Павел өзінің екі атасының да соғысқа қатысып, жеңіс күнін көруге жеткенін мақтанышпен айтты.
Тәуелсіздік даңғылы бойымен жиналған жұртшылық «Отан Қорғаушылар» монументіне Мәңгілік алауға қарай бет алды.
Жеңіске жеткен әкелердің ұрпақтары бейбіт күнде олардың рухына тағзым етіп, еске алды. Әр тұстан «Ура», «Жеңіс күнімен», «Атама рахмет» деген сияқты сөздер естіліп жатты.
Көпшілігі аптап ыстыққа қарамастан бүкіл отбасымен келген. Аталарының ерлігін, бейбітшіліктің бағасын ұғындыру үшін кішкентай балаларын ерте келген.
Жасына, ұлты мен ұлысына, астананың аптап ыстығына қарамастан жиналған 25 мыңдай адам белгіленген жолмен жүріп өтті. Бәрінің ұстанымы бір, мақсаты ортақ- әкелердің қанымен келген бейбітшіліктің мәңгілік болуы.