14.05.2019, 04:38

Нұр-Сұлтаннан «Рамазан керуені» жолға шықты

Қасиетті Рамазан айының құрметіне орай 13 мамырда Нұр-Сұлтан қаласында «Рамазан керуені» жолға шықты. ҚМДБ Нұр-сұлтан өкілдігі «Рухани жастар» ұйымының ұйытқы болуымен басталған игі бастамаға қаладағы 10 құлшылық ордасының қызметкерлері мен жамағаты, еріктілер ұйымдары мен белсенді студент жастар, Нұр-Сұлтан қаласы Дін проблемаларын зерттеу орталығының қызметкерлері жұмыла атсалысып, қайырымдылық керуенінің қатарын көбейте түсті, деп хабарланады Қазақстан мүсылмандары діни басқармасының ресми сайтында.

Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінен бастау алған «Рамазан керуеніне» жалпы саны 80-нен астам көлік қатысып, алдын ала түзілген тізім бойынша Елордамыздағы 100 мұқтаж отбасыға азық-түлік таратылды. Қасиетті айдағы қайырымдылық шарасын жандандырып, жан жылуымен бөлісуге ұмтылған жамағатқа ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы ізгі тілегін білдіріп, ақ батасын арнады.

Бас мешіт ауласында жиылған жамағат осы жерден күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік, ет салынған «Рамазан сөмкелерін» тиеп, көрсетілген мекенжайларға көш түзеді. «Рамазан керуенінің» алғашқы көлігі Балаларды оңалту орталығының жатақханасына соғып, наиб мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз қолымен «Рамазан сөмкесін» табыстап қайтты.

Елордамыздағы еріктілер ұйымы мен қайырымдылық топтарының түгелдей басын қосқан айтулы шара алдағы уақытта тағы да ұйымдастырылатын болмақ. Нұр-Сұлтан қаласының бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, мұндай қайырымдылық шаралары қасиетті Рамазан айы жалғасын табатын болмақ.

 

Тегтер: Нұрсұлтан