Қоғам 06.11.2015 сағат 17:15

Куәгерлер С.Ахметовтің заңсыз бизнеспен айналысқанын айтуда

Қарағанды облыстық сотында «Ахметов ісі» бойынша «Топар жылыжайларына» қатысты жетінші эпизод бойынша куәгерлерден жауап алынуда. Айтарлығы, сотқа жауап беруге шақырылған куәгерлердің барлығы «Топар холдингтік компаниясы» ЖШС-нің иесі Серік Ахметовтің өзі болғанын хабарлады. 6 қарашадағы сот отырысында күдікті Ғұмар Рақымжановтың көмекшісі Ернар Нұркеевтен жауап алынды. Ол 2014 жылы тергеу органдарының тексерістері басталған кезде «Топар холдингтік компаниясының» құрамына кіретін кәсіпорындардың формалды құрылтайшыларының басқосуы болғаны туралы әңгімеледі.

Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Бұған дейін сотта түсінік берген «Топар жылыжайлары» ЖШС-нің директоры Александр Забиров 2014 жылдың күзінде Қарағанды облысы әкімінің кеңесшісі Ғ. Рақымжановтың көмекшісінің қала сыртындағы үйінде жиналыс болғанын хабарлаған-ды. Кейінірек сотта А. Забировтың осы сөзін куәгер Елена Вечкинзова да растады. «Бұл оқиға 2014 жылдың қазан айында болған. Маған Рақымжановтың өзі не көмекшісі телефон соғып, барлық кәсіпорындардың жетекшілеріне басқосу туралы хабарлауды тапсырды. Вишневка (қазіргі атауы Аршалы) кентіндегі жер үйлердің бірінде кездестік. Естуімше, ол Рақымжановтың көмекшісінің үйі екен. Сол жерде бір-бірімізбен жақынырақ танысып, әр компанияның жағдайын талқыладық»,- деді ол 4 қарашадағы сот отырысында.

Алдыңғы екі куәгердің соттағы сөзін Ғ. Рақымжановтың көмекшісі Ернар Нұркеев те растады. Ол болған оқиғаны былайша әңгімеледі: «Бұл оқиға шамамен осыдан бір жыл бұрын болған. Жұмыстан кейін мен, жүргізуші және Ғ. Рақымжанов үшеуміз С. Ахметовтің Тельман кентіндегі үйіне бардық. Жүргізуші екеуміз көліктің ішінде қалдық. Рақымжанов үйге кіріп кетті де, бір сағаттан кейін шықты. Біз келген жолымызбан кері қайттық. Жол үстінде Рақымжанов маған жиналыс өткізетін жер табу қажеттігін айтты. Ертеңіне мен бірнеше конференц-залдарды ұсындым. Бірақ ол бәрінен бас тартып, бөлмені қала сыртынан іздеуімді өтінді. Сол кезде ойыма Аршалы кентіндегі әке-шешемнің үйі түсе кетті. Рақымжанов та бұған бірден келісті. Сөйтті де маған кездесуге Забировты, Вечкинзованы, Мұштақовты, Шимпфті және тағы басқаларды шақыруды тапсырды. Мен бәріне хабарласып, бас қосатын жердің мекен-жайын айттым. Сол күні түске таман аталған адамдардың барлығы әке-шешемнің үйінде бас қосты. Жиналыс төрдегі бөлмеде өтті. Олар есікті жауып алып, 1,5-2 сағат отырды. Әңгіменің не жөнінде болғанын естіген жоқпын».

Сондай-ақ Ернар Нұркеев сотқа берген түсінігінде «Топар холдингтік компаниясы» ЖШС-нің кәсіпорындары өндірген өнімдерді Премьер-Министрі Серік Ахметовтің үйіне өзі бірнеше рет жеткізгені туралы ашып айтты. 2013 жылдың басында Ғ. Рақымжанов оған  Ғ. Матаевтың жүргізушісі Әлібектің телефонының нөмірін береді. Ернар «Топардан» шығарылып, ақ пакеттерге салынған қиярлар мен қызанақтарды Әлібек арқылы Ғ. Матаевтың және С. Ахметовтің үйіне жіберіп тұрған. «Мен үнемі Әлібекпен телефоны арқылы хабарласып, осы пакеттерді беріп отырдым. Кей кездері оның уақыты болмағанда С. Ахметовтің жүргізушісі Қуандықтың өзіне апаратынмын. Әлгі өнімдерді Матаевтың үйіне және Тельман кентіндегі Ахметовтің де үйіне апарған кездерім болды. Кейбір қиярлар мен қызанақтарды талдау жасауға алып отыратын»,- деп түсіндірді Е. Нұркеев.

Әмина БӘКІР.

 

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар