$ 448.56  478.03  4.79

Нұр-Сұлтанда плакатсыз суретке түскен қыз не үшін ұсталды? Полиция жауап берді

Әлеуметтік желіде плакат ұстап тұрғандай болып түскен суретін жариялаған қазақстандық белсенді өзін полиция ұстағанын айтты. Алайда елордалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы бұл ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.

Белсенді Facebook желісінде өзінің ұсталғанын жазды. 6 мамырда Жанбота Әлжанова тағы бір әйелмен бірге көрінбейтін плакатты «ұстап тұрған» суретін жариялаған.

«Тұтқындайды деп ойлайсыздар ма? Арандататындай ештеңе жазылмаған сияқты», - деп жазды ол.

Қыздың сөзінше, 9 мамырда өзін көшеде күштеп көлікке отырғызып, Нұр-Сұлтан қаласындағы Байқоңыр аудандық ішкі істер бөліміне жеткізген. Полиция одан жауап алу кезінде телефонын тәркілеп, саяси ұстанымы, телефонда қандай қосымшаларды қолданатыны және өзін экстремистер қатарына жатқызатын-жатқызбайтыны туралы сұраған. Бұл ретте олар Әлжановадан куәгер ретінде жауап алып жатқанын айтыпты. 

Әлжанованың айтуынша, қорғаушысымен кешке таман ғана кездесе алған. Сонымен қатар белсенді жауап алу нәтижесінде белсендінің денесінің кей жерлері көгеріп қалғанын жеткізді.

Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті белсендінің сөзін жоққа шығарып, оған қатысты ешқандай шара қолданылмағанын айтты. 

«Ол ақпарат рас емес. Ешқандай шара қолданған жоқпыз. Ол суретке түсті де, жіберді. Оған ешқандай шара қолданылған жоқ. 6 мамыр күні суретке түсіп, желіге таратқан. Желіде таратқан өзі. Қолда жоқ плакатты ұстап тұрған сияқты суретке түскен. Полиция оған ешқандай әрекет жасаған жоқ, ұстаған да жоқ. Полиция тарапынан реакция болмады», - дейді полиция департаментінің баспасөз хатшысы.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#полиция